Пандемия Ақмола облысында электронды форматтағы мемлекеттік қызметтердің артуына ықпал етті

0
766

Департамент қызметкерлері азаматтарға тестілеуге жазылу, ЭЦҚ ұзарту немесе қашықтықтан алу, мобильді азаматтар базасында тіркелу, ресми өтініштер жолдау, түрлі анықтамаларға қол жеткізу сияқты қызметтер түрлерін алуға көмек көрсетуде.


Пандемия Ақмола облысында электронды форматтағы мемлекеттік қызметтердің артуына ықпал етті

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Берген Беспалинов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ұйымдастырылған брифингте мемлекеттік органдармен электронды форматта көрсетілген қызметтер мөлшерінің артқанын мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жыл соңына дейін жиі талап етілетін анықтамалар мен қағаз түріндегі растау құжаттарын жойып, ақпаратты цифрлық түрде растау мүмкіндігін қамтамасыз етуді, ал халықтың электронды сервистерге жүгінуін жеңілдету үшін мемлекеттік қызметтер деңгейінде және жеке бизнесте биометрияны кеңінен қолдануды тапсырды. Ағымдағы жылы Ақмола облысында 3 120 013 қызмет көрсетілді, оның ішінде электронды форматта 2 915 677 немесе 93,4% қызмет көрсетілді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мемлекеттік қызметтерді толық цифрландыруға және оларды жаңа сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді» - деп Б. Беспалинов атап өтті.
Оның айтуынша, өткен жылы бұл көрсеткіш 84% құраған. Сонымен қатар спикер жыл басынан бері қағаз түрінде 82 611 немесе 2,6% қызмет, Мемлекеттік корпорациямен – 121 725 немесе 3,9% қызмет көрсетілгенін хабарлады.
Карантин режімі кезеңінде Мемлекеттік корпорация қызмет алушының қатысуын талап ететін қызметтерді ғана алдын ала кезек брондау арқылы көрсетті. «Өзіне өзі қызмет көрсету секторы» жеңілдетілді, азаматтар үшін онлайн-кеңес ұйымдастырылды. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қағаз және электронды түрде қызмет көрсету бұрыштары ашылды.
Б.Беспалинов Департаменттің азаматтармен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Жыл басынан бастап онлайн режімде 12 рет азаматтарды қабылдау өткізіліп, мемлекеттік қызметке түсу, мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу мәселелері бойынша 143 өтініш қаралды.
Сонымен қатар карантин кезінде Департаменттің колл-орталығы нөмірі бойынша және әлеуметтік желілер арқылы 400-ден астам өтініш түсті. Департамент қызметкерлері азаматтарға тестілеуге жазылу, ЭЦҚ ұзарту немесе қашықтықтан алу, мобильді азаматтар базасында тіркелу, ресми өтініштер жолдау, түрлі анықтамаларға қол жеткізу сияқты қызметтер түрлерін алуға көмек көрсетуде. Оған қоса бейнебайланыс арқылы тұрақты негізде интернет-конференциялар, тікелей эфирлер және семинарлар өткізіліп отырады.