Пандемия кезінде оқушылар үшін алынған ноутбукты әкімдік қызметкерлері ұрлаған

0
2 463

Бекайдаровтың айтуынша, білім саласындағы қызметкерлердің құйтұрқы әрекетінен мемлекетке 12 миллион теңгеден астам шығын келген.


Пандемия кезінде оқушылар үшін алынған ноутбукты әкімдік қызметкерлері ұрлаған

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында білім бөлімінің қызметкерлері пандемия кезінде оқушылар үшін сатып алынған ноутбуктерді ұрлаған. Бұл фактіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп жазады sputnik.kz.

СҚО-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі облыс аудандарының бірінде әкімдіктің білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп мәлімдеді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров.

"Білім бөлімінің қызметкерлері пандемия кезінде аудандағы тұрмысы төмен отбасылардың балаларына арнап үкімет резерві есебінен сатып алынған ноутбуктердің бір бөлігін жымқырды деген күдікке ілінді", – деді ол брифингте.

Айтуынша, бұл қылмыстан мемлекетке 12 миллион теңгеден астам шығын келген.

Істің мән-жайы тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.

Бекайдаров бұл іске қатысты соңғы шешім тергеу нәтижесі бойынша қабылданатынын айтты.