Бұл құжат азаматтық туралы ақпарат алмасуға, заңсыз көші-қонмен күресуге мүмкіндік береді.
ERNUR.KZ. Парламент Сенатының жалпы отырысында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп жазады ҚазАқпарат.
Келісімге 2019 жылы 27 қарашада Бішкек қаласында қол қойылды.
Бұл құжат азаматтық туралы ақпарат алмасуға, заңсыз көші-қонмен күресуге мүмкіндік береді.
«Нақты айтсақ, статистика мен ақпарат алмасуға мүмкіндік бар. Азаматтар туралы жеке ақпарат алуға болады. Екі ел үкіметтері тәжірибе алмасып, бір-біріне практикалық көмек көрсетеді. Көші-қон саласындағы қылмыстармен күресіп, заңсыз каналдарды жоюға мүмкіндік бар. Қырғызстан Парламенті келісімді 2021 жылғы 17 ақпанда бекітті», - деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Оның айтуынша, өткен жылы Қазақстанға Қырғызстаннан 281 мыңнан астам азамат келді, осы жылы 3 айда 32 мыңнан асты.
«Ал Қазақстаннан былтыр 175 мың азамат Қырғызстанға барған. Осы жылы 3 айда 36 мыңнан асты. Қазақстан осындай келісімді Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан және Беларусь мемлекетімен жасады. Осы Заң азаматтық туралы ақпарат алмасуға, заңсыз көші-қонды реттеуге, қос азаматтықпен күресуге бағытталған. Әлеуметтік-экономикалық және құқықтық теріс салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ қосымша қаражат талап етпейді», - деді министр.