көрнекілік сурет: ЖИ
«Египет пирамидаларының ішінде сансыз қазына жасырылған. Олардың айналасында адамды бірден ажалға ұшырататын тұзақтар бар. Ал перғауындардың тыныштығын бұзған адам міндетті түрде тылсым қарғысқа ұшырайды. Мексикадағы майя пирамидаларын алып адамдар салған. Ал Қытайдағы пирамидалы қабірлердің арасында Хеопс пирамидасынан екі есе биік «Ақ пирамида» бар»...
Пирамидалар жайлы осы тектес адам сенгісіз әңгімелерді көп естиміз. Кино, кітап және туристік аңыздар бұл түсініктерді жылдар бойы одан әрі күшейтіп келеді.
Бірақ естігеніңіздің бәрі шындық емес. Пирамидаларды салған адамдар да, олардың құрылыс тәсілдері де, ішіндегі құпия бөлмелер де ғалымдар үшін әлі зерттеліп жатқан тақырып. Кейбір құпиялардың ғылыми түсіндірмесі бар, ал кейбірі әлі де жұмбақ күйінде.
Сонымен, туристер арасында кең тараған осы мифтердің қайсысында шындық бар, қайсысы аңыз ғана?
1-МИФ: Пирамидаларды мыңдаған құл салған
Пирамида десе, көпшіліктің көз алдына ауыр тас сүйреп, аптап ыстықта жұмыс істеп жүрген мыңдаған құл елестейді. Бірақ археологиялық зерттеулер бұл түсініктің жаңсақ екенін көрсетеді.
Гизада жүргізілген қазба жұмыстары кезінде пирамидаларды салған адамдардың арнайы қонысы табылған. Онда жұмысшыларға арналған тұрғын орындар, наубайханалар, қоймалар, шеберханалар және әкімшілік ғимараттар болған. Археологтар жұмысшылардың тамақтанғанын да анықтаған. Қазбалардан сиыр, қой, ешкі және балық сүйектері табылған. Нан мен сыра негізгі азықтардың бірі болған. Бұған қоса, ежелгі Египетте пирамиданың құрылысына байланысты жұмысшылардың еңбегі мен азық-түлік жеткізу жүйесі болғанын көрсететін жазбалар сақталған.
Яғни құрылыс кездейсоқ жиналған құлдардың емес, ұйымдастырылған үлкен жұмыс тобының еңбегі. Олардың арасында құрылысшылар, тас өңдеушілер, тасымалдаушылар, қолөнершілер және басқа да мамандар болған.
2-МИФ. Пирамидаларды бөгде ғаламшарлықтар салған
«Ежелгі адамдарда мұндай алып құрылысты тұрғызатын техника болмаған. Демек, оларға ғарыштан келгендер көмектескен» деген пікір де бар.
Пирамидалардың дәлдігі шынымен таңғалдырады. Мысалы, Хеопс пирамидасының қабырғалары негізгі төрт бағытқа – солтүстік, оңтүстік, шығыс және батысқа өте дәл бағытталған. Бірақ бұл үшін міндетті түрде ғарыштан көмек қажет емес. Археологтар ежелгі мысырлықтардың өлшеу, жер тегістеу, бағыт анықтау және құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру тәсілдерін зерттеп келеді. Қарапайым құралдармен де өте жоғары дәлдікке жетуге болатыны тәжірибелер арқылы көрсетілген.
Пирамида құрылысының барлық технологиялық құпиясы толық шешілді деу де дұрыс емес. Алайда бүгінге дейін келімсектердің құрылысқа қатысқанын дәлелдейтін археологиялық дерек табылған жоқ.
3-МИФ. Перғауынның қарғысы адамды ажал құштырады
Бұл мифтің танымал болуына Тутанхамон қабірінің табылуы ерекше әсер етті. 1922 жылы археолог Говард Картер бастаған топ Тутанхамонның қабірін тапты. Ал 1923 жылы экспедицияны қаржыландырған лорд Карнарвон қайтыс болды. Ол маса шаққан жерге инфекция түсіп, оның қанға өтуінен көз жұмған. Осыдан кейін баспасөзде перғауынның қарғысы туралы әңгімелер кең тарай бастады.
Алайда қабірді ашуға қатысқан адамдардың бәрі бірдей жұмбақ жағдайда қайтыс болған жоқ. National Geographic мәліметінше, қабір ашылған кезде болған 26 адамның тек алтауы кейінгі он жыл ішінде қайтыс болған. Ал Говард Картер 1939 жылға дейін өмір сүріп, қазба жұмыстарын жалғастырған. Демек, «қабірді ашқан адам міндетті түрде өледі» дегенге ғылыми дәлел жоқ.
4-МИФ. Пирамидалардың ішінде мол қазына бар
Киноларда пирамидалар алтынға, асыл тастарға және бағалы бұйымдарға толы болып көрсетіледі. Бірақ шынайы археологиялық жағдай сәл өзгеше.
Ежелгі Египеттегі патша қабірлері өте ерте кездің өзінде-ақ тонаушылардың нысанына айналған. Сондықтан көптеген пирамидалардан кейінгі кезеңдерге жеткенде бағалы заттардың көбі жоғалып кеткен.
Тутанхамонның қабірі ғана салыстырмалы түрде ұзақ уақыт жақсы сақталған және ішінен мыңдаған зат табылған. Зерттеушілер оның қабірінен 5 мыңнан астам бұйымды тіркеген. Сондықтан «әр пирамиданың ішінде таусылмайтын алтын қазына бар» деу – қиялға жақын түсінік.
5-МИФ. Пирамидалардың ішінде адамды ұстайтын құпия тұзақтар бар
Бұл мифке шытырман оқиғалы фильмдер әсер етті. Шын мәнінде, ежелгі қабірлерді тонаушылардан қорғауға тырысқанын көрсететін архитектуралық шешімдер болған. Ежелгі құрылысшылар кейде қабірге жетуді әдейі қиындатқан. Сондықтан пирамиданың ішінде тар дәліз, ауыр тас бөгет, жасырын есік, күрделі өткел сияқты тәсілдер кездеседі. Бірақ кинодағыдай механикалық тұзақтардың тұтас жүйесі болғанын дәлелдейтін археологиялық дерек жоқ.
6-МИФ. Хеопс пирамидасына бүкіл әлемнің құпия математикасы жасырылған
Хеопс пирамидасының өлшемдері математикаға қызығатын адамдарды әлі күнге дейін таңғалдырады. Оның периметрі мен биіктігі арасындағы қатынастан π санына жақын мән шығатыны жиі айтылады. Бірақ осыдан «ежелгі мысырлықтар қазіргі мағынадағы π санын әдейі пирамидаға жасырған» деген қорытынды жасауға болмайды.
Тағы бір танымал әңгіме – пирамиданың ішінде жыл бойы температура дәл 20°C болып тұрады деген пікір. Мұны да ғылыми тұрғыда «құпия құбылыс» ретінде қабылдауға негіз жоқ.
7-МИФ. Пирамидалардың астында және ішінде шексіз лабиринт бар
Пирамидалардың ішінде дәліздер мен бөлмелердің бар екені рас. Бірақ олардың барлығы әлі толық зерттелмегендіктен, «шексіз» болып көрінер. Әлі де біз білмейтін ішкі құрылымдары болуы мүмкін. Мысалы, ғалымдар Хеопс пирамидасының ішінде бұрын белгісіз бос кеңістіктерді анықтаған. 2017 жылы зерттеушілер Үлкен галереяның үстінен ұзындығы кемінде 30 метр болатын ірі бос кеңістікті тіркеді. Кейінірек пирамиданың солтүстік жағынан ұзындығы шамамен 9 метр болатын дәліз тәрізді құрылым да нақтырақ зерттелді. Бірақ оны міндетті түрде тылсым, шексіз, құпия лабиринт деп қабылдауға болмайды.
8-МИФ. Мексикадағы пирамидаларды алып адамдар салған
Майя өркениетінің ғажайып құрылыстары туралы түрлі аңыздар бар. Соның бірі – Мексикадағы Чичен-Ица қаласындағы Кукулькан ғибадатханасын алып адамдар салған деген әңгіме. Бұл аңыздың пайда болуына пирамиданың баспалдақтары мен құрылыстың ауқымы себеп болуы мүмкін. Алыстан қарағанда, адамның күші жетпейтіндей әсер қалдырады. Алайда алып адамдар өмір сүргенін дәлелдейтін археологиялық дерек жоқ. Бұл алыптардың емес, өз дәуірі үшін өте жоғары деңгейдегі инженерлік және мәдени білімнің нәтижесі.
9-МИФ. Қытайда Хеопс пирамидасынан екі есе биік «Ақ пирамида» бар
Қытайдың Сиань қаласының маңындағы пирамида тәрізді көне қабірлер туралы ақпарат көптен бері белгілі. Олардың арасынан «Хеопстан екі есе биік алып Ақ пирамида бар» деген сенсациялық әңгіме ерекше танымал.
Бұл аңыздың бір нұсқасында 1945 жылы америкалық ұшқыш Джеймс Гаусман аспаннан алып ақ пирамиданы көргені айтылады. Кейін бұл оқиға түрлі кітаптар мен интернет материалдарында одан әрі әсіреленіп кеткен.
Шын мәнінде, Сиань маңында пирамидаға ұқсайтын көптеген ежелгі жерлеу құрылыстары бар. Олардың бір бөлігі Қытайдың көне әулеттерінің билеушілеріне арналған қабір-төбелер.
Ал «Ақ пирамидаға» қатысты нақты археологиялық дәлел жоқ. Бұл нысанның бар екеніне байланысты сенімді қазба деректері немесе ғылыми зерттеу жарияланбаған. Кейін әйгілі болған фотосуреттің Қытайдағы Маолин қабірімен байланысы бар деген нұсқа да тараған. Сондықтан «Қытайда Хеопстан екі есе биік құпия пирамида бар» дегенді тарихи факт ретінде айтуға болмайды.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
2026 жылы ӘЛЕМ елдерінде таралған аса ҚАУІПТІ жұқпалы аурулар


