Пациенттің өлімі және заңды тұлғаның ауысуы: ДСМ Сәуле Базархан қайтыс болған клиника туралы айтты

0
120

Медфармбақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіповтің айтуынша, туыстары Сәуле Базархан қайтыс болды деп көрсеткен пластикалық хирургия клиникасын тексеру осы аптада басталады.


Пациенттің өлімі және заңды тұлғаның ауысуы: ДСМ Сәуле Базархан қайтыс болған клиника туралы айтты

Фото:depositphotos.com

ERNUR.KZ. Белгілі блогер және кәсіпкер Сәуле Базарханның өліміне қатысы бар делінген клиника 2020 жылы тағы бір пациенттің өлімінен кейін тексерілген болатын. Ол кезде медициналық ұйым басқа заңды тұлға ретінде тіркеліп, өзге атаумен жұмыс істеген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мәлімдеді, деп жазады tengrinews.kz.

Тексеріс және жаңа заңды тұлға

Медфармбақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіповтің айтуынша, туыстары Сәуле Базархан қайтыс болды деп көрсеткен пластикалық хирургия клиникасын тексеру осы аптада басталады.

"Заң бойынша біз алдымен тексеруді прокуратурада тіркеуге міндеттіміз. Қазір бұл рәсімдер жүріп жатыр, олар аяқталған бойда тексеруді бастаймыз", - деп түсіндірді Жүсіпов.

Бұған дейін кейбір БАҚ 2020 жылы осы клиникада липосакция кезінде төрт баланың анасы болған жас әйелдің қайтыс болғанын жазған еді. Алты жыл бұрын марқұмның туыстары әлеуметтік желілерде кінәлілердің жауапкершіліктен құтылып кетпеуін талап етіп, жұртшылыққа үндеу тастаған болатын. Журналистердің хабарлауынша, полицияның ресми нұсқасы бойынша - дәрігерлердің кәсіби біліксіздігі пациенттің өліміне әкеп соқтырған.

Қазіргі таңда атышулы оқиғадан кейін клиниканың заңды тұлғасы мен атауын өзгерткені туралы ақпарат пайда болды.
"Бұл ақпарат расталып отыр. Клиника бұған дейін де осы мекенжай бойынша қызметін жүзеге асырған, бірақ ол кезде атауы басқа болған. 2020 жылы клиникада липосакция операциясынан кейін өлім жағдайы тіркелген болатын", - деді комитет басшысы.

Ол осыдан кейін тексерулер басталғанын айтты. Алдымен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны қайтарып алған. Сонымен қатар Алматы қаласы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті лицензияны қайтарып алу туралы сотқа талап арыз түсіріп, клиника пластикалық операциялар жасау құқығынан айырылған.

Жүсіповтің сөзінше, клиникаға лицензияны Алматы әкімдігі берген, құжаттарды екінші рет қайта рәсімдеу де қалалық кәсіпкерлік басқармасында жүргізілген. 2021 жылдан бастап лицензияны Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменттері рәсімдей бастаған.

"Осыдан кейін басқа заңды тұлға тіркеліп, иелері жаңа шарттар мен талаптар бойынша қайтадан лицензия алды. Клиника сол мекенжайда жұмысын жалғастырды, бірақ атауын өзгертті", - деді Бауыржан Жүсіпов.

- Заң бұған тыйым салмай ма?

- Тыйым салмайды. Егер денсаулық сақтау субъектісі лицензия алу үшін қажетті барлық талаптарға сай болса, ол рұқсат құжаттарын алып, медициналық көмек көрсете алады, - деп түсіндірді спикер.

Қазақстанда қанша пластикалық хирургия клиникасы жұмыс істейді?

Жүсіповтің ақпараты бойынша, Қазақстанда пластикалық операциялар жасауға лицензиясы бар 295 клиника жұмыс істейді: оның 247-сі жекеменшік, 48-і мемлекеттік.

"Соңғы бес жылда Қазақстанда мұндай денсаулық сақтау субъектілеріне 92 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде лицензиялық талаптардың, стандарттардың бұзылуы, соның ішінде тиісті рұқсат құжаттарынсыз медициналық қызмет көрсету фактілері анықталды", - деді сарапшы.

Ол бұл тексерулердің барлығы сапасыз медициналық қызметтерге шағымданған пациенттердің өтініштерінен кейін немесе өлім жағдайларынан соң басталғанын нақтылады.

- Пластикалық хирургия клиникаларына бақылау күшейтіле ме?

- Біз қазір профилактикалық бақылау аясында тәсілдерді нақты күшейтетін боламыз. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелері арқылы мұндай клиникаларды талдап, тиісті рұқсат құжаттарының болуын, жабдықталуын және т.б. тексереміз. Бұған дейін заң бізге мұны істеуге мүмкіндік бермейтін. Қазір бұл процестерді күшейткелі жатырмыз.

Бұдан бөлек, Жүсіпов комитет клиникаларды әр бес жыл сайын лицензиялауды енгізу қажеттілігі туралы мәселені қайта көтеретінін айтты (қазір лицензиялар мерзімсіз), бұл оның айтуынша, бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Мән-жайы

Марқұмның келіні Сәуле Базархан 15 мамырда Алматыдағы жекеменшік клиникалардың бірінде жергілікті анестезиямен жасалған жоспарлы липосакция операциясынан кейін көз жұмғанын айтты. Оның сөзінше, отадан кейін бірнеше сағат бойы туыстарына пациенттің жағдайы туралы ақпарат берілмеген, ал өлімі туралы кейін хабарлаған.

Алматы Полиция департаменті Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді. Қазір тергеу жүріп жатыр, оның нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады.

Кейін Алматыдағы Smart Beauty Clinic жекеменшік клиникасы блогер Сәуле Базарханның қазасынан кейін ресми мәлімдеме жасады.

"Қазіргі уақытта болған жағдай бойынша заңнамада қарастырылған процедуралар жүргізіліп жатыр. Дәрігерлік құпияны сақтау қажеттілігіне, пациенттің отбасына деген құрметке, сондай-ақ жүргізіліп жатқан шаралардың объективтілігіне байланысты клиника ресми процедуралар аяқталғанға дейін оқиғаның мән-жайы мен медициналық егжей-тегжейіне қатысты көпшілік алдында түсініктеме беруді жөн санамайды", - делінген мәлімдемеде.

Сәуле Базархан - танымал қазақстандық блогер әрі кәсіпкер. Әлеуметтік желілерде ол миллионнан астам оқырманы бар Сәуле Ермаханова ретінде танымал болатын. Базархан өз парақшаларында отбасы, бизнес, саяхат және жеке өмірі туралы бөлісетін.