Павлодар облысында киіктер саны бес есе артты

0
268

Қорғау шараларына 10-нан астам инспектор жұмылдырылып, барлығы техника құралдарымен қамтылады.


Павлодар облысында киіктер саны бес есе артты

ERNUR.KZ. Ертіс өңірінде киіктердің саны 20 мың басқа жетті. Бұл – 2020 жылғы санақпен салыстырғанда бес есе артық көрсеткіш, деп жазады baq.kz.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аймақтық инспекциясының басшысы Руслан Түлепбаевтың айтуынша, "Киік" ауқымды акциясы аясында өңірде рейдтік шаралар күшейтіледі.

Қорғау шаралары ақбөкендер мекендейтін Май және Баянауыл аудандары, Ақсу және Екібастұз қалаларының аумағында жүргізіледі. Киіктерді заңсыз аулау, мүйізі мен етін сату, сақтау және тасымалдау үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Нақтырақ айтқанда, 6000 АЕК-ке дейінгі айыппұл салу немесе 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығын шектеу, сондай-ақ мүлікті тәркілеу шарасы қолданылады, - дейді Руслан Түлепбаев.

Қорғау шараларына 10-нан астам инспектор жұмылдырылып, барлығы техника құралдарымен қамтылады. Соңғы жылдары қасиетті жануарларды аулау бойынша бірде бір дерек тіркелмеген.

Мамандардың айтуынша, биыл шаруалар тарапынан жабайы тұяқтылардың егістік немесе жайылымдық алқаптарына кіріп кетуіне байланысты екі шағым түскен.

Киіктер кең тараған аумақтарда бұл мәселеге қатысты арнайы үйлестіру штабтары құрылды. Осы жылы Май ауданының фермерлері киіктердің жайылымға кіріп кетуі туралы хабарлады. Нәтижесінде жедел әрекет жасалды. Яғни, оларды шошыту, үркіту сияқты жұмыстар жүргізілді. Дегенмен, егін алқаптарын таптап кетуіне қатысты шағымдар түскен жоқ. Шаруаларға шығын келтірілген жоқ, - дейді Руслан Түлепбаев.

Айта кетейік, аймақта ақбөкендердің санын реттеу шаралары қарастырылмайды. Тек ғылыми жұмыстарды жүргізу мақсатында ұстау жоспарланған.