Айыпталушы аталған мерзімді қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде өтейді.
ERNUR.KZ. Павлодар облысында жас баланы зорлады деп айыпталған 58 жастағы ер адам 20 жылға сотталды, деп жазады ҚазАқпарат.
Павлодар тұрғыны сотта өз кінәсін мойындамады.
Облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер соты баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл іс жабық сот отырысында, алқабилердің қатысуымен қаралған.
Сотталушының кінәсі жәбірленушінің және куәгерлердің сөзімен, сараптама нәтижесімен дәлелденді.
«Сотта прокурор күдіктіні 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы кінәсін мойындамады, ол және оның адвокаты ақтауды сұрады» деп мәлім етті ведомстводан.
Алқабилердің шешімімен 58 жастағы Павлодар тұрғыны айыпты деп танылды.
Қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөліміне сәйкес мұндай қылмыс үшін максималды жаза - 20 жылға соттау.
Айыпталушы аталған мерзімді қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде өтейді.
Ер адам кәмелет жасына толмаған балалармен жұмыс істейтін қызметтерді атқару құқығынан өмір бойына айырылды.