Павлодарда қонақ үйден өрт шығып, 186 адам эвакуацияланды

0
2 303

Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.


Павлодарда қонақ үйден өрт шығып, 186 адам эвакуацияланды

ERNUR.KZ. Павлодарлық өрт сөндірушілер бықсыған қоқыс салдарынан қаладағы қонақ үйлердің бірінен 186 адамды қауіпсіз жерге көшірді, деп жазады Рavlodarnews.kz.

Оқиға орнына № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушілері бірінші болып келді.
- 21 сағат 03 минутта Павлодар облысы ТЖ департаментінің «101» пультіне Павлодар қаласындағы қонақ үйлердің бірінде жану туралы хабарлама келіп түсті. Департаменттің күштері мен құралдары дереу оқиға орнына жіберілді. Он бір қабатты қонақ үйде, бірінші қабатта 10 шаршы метр алаңда қоқыстың жанғаны анықталды, - дейді облыстық ТЖД баспасөз қызметінде.

Тілсіз жау 21 сағат 23 минутта сөндірілді. Обьект адамдардың жаппай жиналатын орны болғандықтан, бір уақытта өрт сөндірушілердің сүйемелдеуімен баспалдақ маршымен 186 адам, оның ішінде 7 бала эвакуацияланды.
Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрт 21 сағат 33 минутта толығымен сөндірілді. Оқиға орнында жеке құрамнан 40 адам және 10 бірлік техника жұмыс істеді.
Өрттің шығуына отты абайсыз пайдалану себеп болған.
Павлодар облысы ТЖ департаменті барлық азаматтардан өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтауды сұрайды.