Зейнетақыны саудалағандардың кесірінен мемлекетке 177 миллион теңге шығын келген.
ERNUR.KZ. Мың асқанға бір тосқан. Павлодарда еңбек департаменті мен зейнетақы төлеу орталығының бұрынғы қызметкерлері және зейнеткер атын жамылғандарға қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды ktk.kz.
Атышулы істе бақандай 40 адам сот залына әкелінген.
Іс қағаздарына сәйкес, қылмыстық топ 13 жыл бойы жымын білдірмей әрекет етіп келіпті. Олар жасы жетпегендерден ақшасын алып, зейнеткерлікке шығарған. Тіпті, құрметті еңбек демалысын ұсынғандар бұл қызметтері үшін 800 мың мен 1 миллион теңге аралығында ақша алып отырған.
Айласын асырып, қалтасын қампайтқандар зейнеткерлікке асыққандарға радиациялық қауіпті аймақ және көпбалалы ана санаты бойынша жалған құжат толтырған.
Әзірге зейнетақыны саудалағандардың кесірінен мемлекетке 177 миллион теңге шығын келгені анықталыпты.