Павлодарлықтар қоршаған ортаға қамқорлық жасап жүр

0
755

Тың бастамалар қолға алынып келеді.


Павлодарлықтар қоршаған ортаға қамқорлық жасап жүр

Қазір кел-келген жерде экологиялық проблема бар. Ал оны біртіндеп шешу үшін билік пен бұқараның күшін біріктіру маңызды. Осы ретте Павлодар облысында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, тың бастамалар қолға алынып келеді.


Айталық, сәуір айының орта тұсында облыс әкімдігі ғимаратында өңірді көгалдандыру мақсатында науқан өткізу және эпидемиологиялық ахуалдың жай-күйі талқыға түскен. Ол сәтте елімізде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай «Таза Қазақстан» атты экологиялық науқан да бастау алған болатын. Осы ретте Павлодар облысында әрбір жұмасы белгілі бір тақырыппен айшықталған «Таза Қазақстан. Көркем қала мен аудан» атты облыстық жоспар түзілген. Жоспарға сәйкес, «Берекелі өлке» апталығы аясында коммуналдық қызмет атқаратын мекемелер мен ұжымдар жолдарды, жаяу жолаушылар аяқжолын, жарық бағаналарын, құдықтар мен атыздарды тазартатын болса, «Менің аулам – менің бағым» жетікүндігінде аулаларды, балаларға арналған ойын алаңшаларын жинақтап, саябақтарда тазалық жұмыстары өткізілетін болған. Ал, «Жасыл аймақ» апталығында түрлі ағаш көшеттерін егіліп, тал-дарақтың түбі әктелсе, «Табиғатты қорғау – адамның борышы» атты апталықта заңсыз қоқыс алаңдарын жоюға, су айдындарының айналасын тазалауға күш салынады деп жоспарланған. Сонымен қатар, 27 сәуірге жоспарланған өңірлік «Тазалық марафонына» жүзден аса арнайы көлік ұралдары тартылып, қоқыс шығару процесі атқарылды. Осы орайда облыс әкімі де тұрғындарды экологиялық акцияға атсалысуға шақырып, аудан, қалалардың басшыларына түйткілді нүктелерге баруды тапсырған. Одан бөлек барлық елдімекендегі заңсыз қоқыс алаңдарын жою міндеттелген.


Сондай-ақ, облыс экологиясына өңірдегі эпидемиологиялық ахуал да әсер етпей қоймайтыны түсінікті. Сәйкесінше, биылғы жылдың алғашқы үш айында облыс аумағында қауіпті инвекция түрлері байқалмаған. Елдімекендердегі тұрғындар тұтынатын ауызсу да зертханалық тексеруден таза шыққан екен.


Соның артынша облыста экологиялық кеңестің кезекті мәжілісі өтіп, өңірге қарасты үш қаланы жасыл желекпен қамту жоспары баяндалған тұғын. Одан бөлек, кеңес құрамындағы өкілдер мемлекеттік орман қоры мәселелері мен санитарлық санатқа жататын аумақтарды көгалдандыру жолдарын талқылаған.


Осы кеңесте, Павлодар облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес екі жүз мың ағашты түгелдеу жұмыстары жүргізіліп, талдардың тұқымына және жас ерекшеліктерін жүргізілген талдау нәтижесі сандық картаға енгізілгені айтылды.


Жиында мәлім болғандай 2024 жылы «Қазақстан алюминийі» акционерлік қоғамының жасыл аймағына сегіз мыңнан аса, қаладағы бөлімшелерінде екі мыңға жуық ағаш егілетін болған. Сондай-ақ, биыл Екібастұз аумағында жетпіс мыңға жуық ағаш есепке енгізіліп, жас ерекшелігі мен орын тепкен жері белгіленіпті. Тиісінше, бұл аумақта тағы он мыңнан астам, ал Ақсуда екі жарым мың түп ағаш көшеті отырғызылады деп жоспарланған.


Сондай-ақ, үш қалаға арнайы жасалған дендрологиялық жоспарларда топырақ сапасы, қандай да бір ағаш түрінің белгілі бір жерге егілуінің ғалами тұжырымы сында маңызды ақпараттар жазылған екен. Яғни бұл жоспарлар тек ағаштардың санын қамтымайды. Барлық іс-әрекеттер үрдісі, қай жерге қанша ағаш отырғылыуы керектігі, тіпті оларды кесуге дейінгі ақпараттар қамтылған. Тиісінше, облыстық экологиялық кеңес үш қала өкілдері әзірлеген жоспарларды қабылдап, алдағы уақытта іске асыру барысы қатаң қадағаланатынын жеткізді. Одан бөлек, аталған кеңесте2024 жылғы көгалдандыру жоспары, жасыл желек егілген жерлерге заманауи суғару технологияларын енгізу сынды проблемалар сөз болды.


Облыс әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, алдағы уақытта мемлекеттік орман қоры аумағына 24,5 миллион түп көшет егілсе, өнеркәсіп бағытында жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар аумағында жиырма бір мыңнан астам көшет отырғызу көзделген екен. Оған қоса облыс орталығындағы алты бірдей саябаққа заманауи суару қондырғысы енгізілмек. Биыл оның тқртеу орнатылады деп жоспарланған.


Облыс басшысының сөзіне сүйенсек, егер ағаш егудің өзіндік технологиясы қолданылмаса, кәсіпорындардың аумағына егілетін жасыл желектің күтімі нашар болатынын айтты. Яғни, ағаш санын көбейтіп қана қоймай, олардың сол топыраққа бейімделуін іске асыру керек.


Экологиялық кеңетің соңында облыс басшылары мен кеңес мүшелері жауапты мекемелерге сарапшылар мен зерттеушілердің тұжырымдарын ескеріп, жиында айтылған жерлерді көгалдандыруды тапсырды.


Сөз орайы келгенде облыс аумағында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы шеңберінде атқарылған жұмыстарға да тоқталып өткен жөн болар. Жалпы, облыс халқы өздері өмір сүретін аймақты тазалап, қоршаған ортаға қамқорлық жаса жұмыстарына белсене атсалысқан. Бұл сөзімізге өңір тұрғындарының жүйелі түрде көптеген сенбілік өткізгендігі дәлел. Атап өтсек, өңңірде іске асырылған жүзден астам экологиялық іс-шараларға тұрғындар ғана емес, мемлекеттік қызметшілер, қоғамдық ұйымдар, студент жастар мен белсенді азаматтар да қатысқан. Іс-шаралар оннан аса бағыт бойынша жүргізіліпті.


Мысалы жастардың бойына экологиялық мәдениетті, қоршаған орта мен еңбекке деген құрметті сіңіру мақсатында тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау және өңдеуге бағытталған «ЭкоДесант» атты акция ұйымдастырылған. Науқан шеңберінде ерікті қатысушылар күнйі бойы жолдар, саябақтар мен қоғамдық орындарды ретке келтіріп, көпшілік жиналатын орындарда ақпараттық насихат жұмыстарын жүргізген.


Ал, облыс орталығындағы «Жасыл ел» жастары «Жер әркімнің қолында» деген тақырыппен эко-акция өткізген. Аталған бастаманың ең басты ерекшелігі – қоршаған ортаға қамқорлық жасап қана қоймай, айналадағы адамдарды да игілігі мол іске тарту жолдары, тиімді әдіс-тәсілдері қолданылған.


Сондай-ақ, өңір жастары экологиялық экскурсия ұйымдастырып, жасыл белдеу аумағын ұлғайту ережелері мен жолдары, ғылыми негіздермен таныстыру жұмыстарын жүргізіп, экологиялық проблемаларды шешу жолындағы маңызды істер бойынша тренинг өткізген.


Жалпы, Павлодар түрлі сала қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер, шаруалар, жастар, еріктілер,депутаттар және басқалар қатысқан. Атсалысқан адам саны шамамен – 330 мыңнан асады. Олар үш жүзге жуық саябақты ретке келітіріп, жүз мың тоннаға жуық тұрмыстық қалдықтарды шығарып, отыз мың түпке тарта ағаш-бұта көшеттерін отырғызған.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ