Педагогтерге алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасы табыс етілді

0
2 111

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтерге мемлекеттік награданы табыстады.


Педагогтерге алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасы табыс етілді

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысының Жарлығымен 20-дан астам мұғалім білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін мемлекеттікмарапатқа ие болды, деп жазады inbusiness.kz.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтерге мемлекеттік награданы табыс етіп, оларға алғыс білдірді.


«Педагогтерге мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасы тағайындалды. Еңбектеріңіз бен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамын. Наградаларыңыз құтты болсын! Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін», – деді Министр Асхат Аймағамбетов.


Сондай-ақ Білім және ғылым министрі соңғы жылдары енгізілген оң өзгерістерге тоқталып өтті. Мәселен, жалақының өсуі, есептілік пен педагогикалық жүктеменің төмендеуі, оқулықтар мен оқу бағдарламаларын әзірлеуге қойылатын талаптардың күшеюі, мектеп директорларын тағайындау және педагогтерді жұмысқа қабылдау қағидаларының өзгеруі, педагог мамандығы бойынша оқуға түсуге қажет шекті ұпайдың артуы, болашақ мұғалімдердің ай сайынғы стипендиясының жоғарылауы туралы да айтылды.

«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасы мұғалімдерге үздік жетістіктері мен мемлекет алдындағы ерекше еңбегі үшін беріледі. Жоғары атаққа ие болған педагог 1 000 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алады.

Еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз Орынша Қарабалина бүгінгі таңда педагог мәртебесі заңмен бекітілгенін, ендігі кезекте барлығы мұғалімдердің өздеріне байланысты екенін атап өтті.


«Қазақ халқы ағартушылар мен ұстаздарды төрге отырғызсақ деген еді. Сол идея бүгінгі таңда іске асты. Қазір біз төрде отырмыз. Мұғалімдерді қоғам да мойындады. Ата-ана да, оқушы да мұғалімдерсіз тәлім-тәрбие ала алмайтынын түсінді. Мұғалімдерге барлық жағдай жасалып отыр. Енді мұғалімдердің өзіне байланысты. Сондықтан айтарым, ұстаз осы атаққа лайық болу керек. Ол үшін мұғалімнің жүріс- тұрысы да, киген киімі де, сөйлеген сөзі де өнеге тұтарлықтай болу керек. Мұғалім сондай дәрежеге жетсе ғана оқушылардың жүрегінен орын алады», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Орынша Қарабалина.