Министрдің сөзіне сенсек, қазір балалармен испекторлар жұмыс істей бастаған.
ERNUR.KZ. Ішкі істер министрі бұл санаттағы қылмыстардың 60 пайызы тұрмыстық жағдайда тіркелгенін мәлімдеді, деп жазады ulysmedia.kz.
«Жасөспірімдердің зорлануы, оларға қарсы сексуалдық қылмыстардың алдын алу мәселесі өте маңызды. 2019 жылы осы қылмыстардың алдын алу үшін заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіліп, 2020 жылы ол күшіне енгізілді. Бұл баппен сотталғандар мерзімінен бұрын түрмеден босатылмайды, оларға рақымшылық жасалмайды. Педофилдердің бәрі түрмеден шыққаннан кейін арнайы есепке алынады. Бүгін біз айтқан электронды браслеттер ең бірінші кезекте соларға салынады», - деді ол.
Оның айтуынша, бұл санаттағы қылмыстардың артуының объективті себептері бар.
«Біз бір жарым жыл бойы пандемияда отырмыз. Бір жарым жыл бойы оқушылар үйде, жабық нысанда болды. Бұл санаттағы қылмыстардың 60 пайызы тұрмыстық жағдайда тіркелген. Зорлаушылардың 20 пайызы – әкелер немесе өгей әкелер, сонымен қатар сол баланың анасымен бірге тұрушылар. Педофилдердің 50 пайызы – зардап шегушілердің жақын туысы болып шықты. Бұл – бәлкім, қоғамның проблемасы. Моральдың төмендігі, қоршаған ортаның моральдық тұрғыда төмендігі, сонымен қатар тұрмыстық тұрғыда тәрбиенің әлсіздігі», - деді Ерлан Тұрғымбаев.
Министрдің сөзіне сенсек, қазір балалармен испекторлар жұмыс істей бастаған. Полицияның тізімінде бұл күнде тұрмысы нашар 7 мың отбасында 12 мың бала тәрбиеленіп жатыр.
«Сол себепті бұл санаттағы адамдар – сексуалдық зорлықтың алғашқы объектісіне айналып отыр. Тағы бір талдау: балалардың жыныстық білімінің жоқтығы. Зардап шегушілерді 30 пайызы жынысқа келісіммен түскен. Бұл – жасөспірімдер. Зорлаушы да, зорланушы да. Мәселен, 70 жағдайды біз денсаулық сақтау басқармасы арқылы анықтадық. Яғни жүкті болып қалған жасөспірімдер туралы бізге басқармалардан ақпарат түсті. 13-14 жастағы қыз балалар. Бұл жерде бізге қоғаммен бірге балалардың жыныстық білімін мектептерде ғана емес, әлеуметтік желілер де арттыруымыз керек», - деді ол.