Түркияда танымал қонақ үйде бір отбасы уланып көз жұмды

0
129

​Олар Германиядан қыдырып келген.


Түркияда танымал қонақ үйде бір отбасы уланып көз жұмды

Фото: First News Media

ERNUR.KZ. Ыстамбулдың Фатих ауданына қарасты Harbour Suites Old City қонақ үйінде тіркелген улану фактісі бойынша көз жұмғандар саны төрт адамға жетті. Бұған дейін көз жұмған анасы мен екі баласынан кейін жансақтау бөлімінде ем қабылдаған Сервет Бёджек те қайтыс болды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

9 қарашада Германиядан келген Бёджек отбасы аталған қонақ үйге орналасқан. Бірнеше күн өткен соң анасы мен 3 және 6 жастағы екі бала ауруханада көз жұмды. Алдын ала болжам бойынша, олардың өліміне Бешикташ ауданындағы кафеде жеген фаршталған мидия мен картоп себеп болуы мүмкін. Прокуратура шешімімен кафе уақытша жабылды.

Сенбі күні осы қонақ үйден тағы екі шетелдік қонақ - Италия және Марокко азаматтары да уланып, ауруханаға түсті. TRT Haber мәліметінше, олардың жағдайы тұрақты, дәрігерлер өміріне қауіп жоқ екенін хабарлады.

Ыстамбұл прокуратурасы оқиға бойынша «абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру» бабымен қылмыстық іс қозғады. Тергеу аясында:

  • тамақтану орындарының төрт қызметкері,
  • қонақ үйдің бір қызметкері,
  • дезинсекция жасаған компанияның екі қызметкері бұсталған болатын.

Полиция қонақүйді тексеру кезінде ғимаратта жәндіктерге қарсы өңдеу жүргізілгенін анықтады. Фатих аудандық денсаулық басқармасы және ауыл шаруашылығы басқармасы қосымша тексеріс жасап, қолданылған заттарға қатысты құжаттарды тәркіледі.

Алдын ала мәліметтер бойынша, бірінші қабаттағы бір бөлмеде жүргізілген дезинсекцияда ауыл шаруашылығында қолданылатын, денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін химиялық заттар пайдаланылған. Барлық үлгілер сараптамаға жіберілді.

Зерттеу барысында анықталған тағы бір жайт Бёджек отбасы бірінші қабатта, ал улану белгілерімен ауруханаға түскен туристер төртінші қабатта тұрған. Бұл нұсқаның да тергеу материалдарына енгізілгені хабарланды.

Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған әлеуметтік желілердегі ресми үндеуінде Ыстамбулдағы төрт адамның, оның ішінде екі баланың қазасына әкелген қайғылы оқиғаға қатысты тергеу «көпқырлы және жан-жақты форматта» жалғасып жатқанын хабарлады.