Енді бұл көше түбегейлі өзгеріп, жаңа келбетке ие болмақ.
Фото: Jibek Joly телеарнасының кадрларынан
ERNUR.KZ. Биыл Петропавлдағы Қазақстан Конституциясы көшесін жөнге келтіру жоспарланған, деп жазады inform.kz.
Қазақстан Конституциясы көшесін көпшілік Алматының Арбатына теңейді. Жылдың қай мезгілі болмасын мұнда жаяу серуендеген қарақұрым халықты кездестіруге болады. Енді бұл көше түбегейлі өзгеріп, жаңа келбетке ие болмақ.
Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиевтің айтуынша, жоба үш кезеңде жүзеге асырылады.
— Бұл көше қала тұрғындарының сүйікті демалыс орны, оны әлемдегі ең ұзын жаяу жүргіншілер көшесі деп атайды. Жоба аясында көшені кеңейту, жарықтандыру, жол төсемесін жаңарту жоспарланған. Сонымен қатар, жаңа сәулет элементтері қосылады. Жасыл желекке тиіспейміз, — дейді Петропавл әкімі.
Жобаны іске асыру барысында көше бойында орналасқан бизнес нысандары да қамтылмақ. Барлық сауда орындары, кеңселер бір сәулет стилінде безендіріледі.
— Жоба аясында бизнес өкілдері ғимараттарының қасбеттерін өз есебінен белгіленген талаптарға сәйкес ретке келтіруге міндетті болады. Қоғамдық тамақтандыру орындары көшеде қызмет көрсету аймақтарын ұйымдастыруға мүмкіндік алады, — дейді Серік Мұхамедиев.