Петропавлда имамнан сұхбат алған журналист айыппұл төлейді

0
823

Діни мазмұндағы материалдарды таратқаны үшін полиция әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғап, кейін материалды сотқа жолдады.


Петропавлда имамнан сұхбат алған журналист айыппұл төлейді

ERNUR.KZ. Петропавлда имамнан сұхбат алған журналист айыппұл төлейді, деп жазады sputnik.kz.

Күні кеше Петропавл қаласының мамандандырылған әкімшілік соты журналист және қалалық мәслихат депутаты Руфия Мұстафинаға "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманы бұзу" бабы бойынша 153 150 теңге (50 АЕК) көлемінде айыппұл салу туралы шешім шығарды.
"Маған діни материал таратқаным үшін айыппұл салынды. Өз басылымымның сайтында және әлеуметтік желілерінде жариялаған бас имаммен сұхбатты сот діни материал деп таныды. Сұхбатта бас имам Құрбан Айт мейрамы туралы, осы мерекенің дәстүрлері туралы айтады. Сондай-ақ менің қолымда екі сараптама бар, құжат қорытындысында сұхбатты таратуға кедергі келтіретін мазмұн жоқ екені жазылған", - деді Руфия Мұстафина Sputnik Қазақстан тілшісіне.
Сонымен қатар ол екінші сот отырысына дін істері басқармасының маманы шақырылғанын, ол имамнан рұқсаты болса, мұндай материалды таратуға болатынын сотқа түсіндірді.
"Маған бұл сұхбатты имамның өзі берді. Сұхбат жарияланған шілде айынан бері оған ешкім наразылық білдірмеді. Оның үстіне, бұл материалды желіде қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы мен қала әкімінің баспасөз қызметі де бөліскен", – деп таңғалды журналист.
Ол істің қаншалықты әділ өткеніне күмәнданатындықтан, апелляциялық шағым түсіруді, сондай-ақ судьяның үстінен шағым жазуды жоспарлап отырғанын айтты.
"Сот жүйесі өте күрделі, оны қарапайым халықтың түсінуі қиын. Ал егер нормалар, ережелер мен регламенттер нақты жазылмаса, "діни материалдарды тарату" деген ұғымды қалауынша қолдану оңай. Дін істері басқармасына сұрақ көп. Имамның түсіндірмесі неге діни материал болуы керек? Онда неге мектеп оқушылары дінтану сабағын оқып жатыр?", - дейді Руфия Мұстафина.
Облыстық полиция департаменті экстремизмге қарсы күрес басқармасының басшысы Руслан Жарасбаев қазан айының соңында облыста жыл басынан бері діни мазмұндағы материалдарды заңсыз таратудың 22 фактісі анықталғанын хабарлады.
"Діни материалдарды тек ғибадат орындарында, рухани (діни) білім беру ұйымдарында таратуға болады. Кәсіпкерлер бұл материалдарды тарату үшін жергілікті атқарушы органдардан рұқсат алуы керек. Сондай-ақ дін мәселелерінде тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге, Қазақстан заңдарын білу және сақтауға шақырамыз", - деді Руслан Жарасбаев.
Осы сот қарауындағы істен кейін көп журналист діни мерекелер туралы материалдар және дінге қатысты басқа да ақпараттар дайындауға алаңдайтыны анық.
"Депутат ретінде мен бұл мәселені анықтауға міндеттімін. Белгілі болғандай, дәл осы бап бойынша тағы 22 адамға айыппұл салынды. Менің ойымша, бұл ақылға қонымсыз. Мен қазақстандықтар мұндай қиындыққа тап болмас үшін және олардың құқықтарын қорғау үшін осы істі бұқараға жария еткім келеді. Өйткені, біз заңсыз ештеңені насихаттап отырған жоқпыз", - деп түйіндеді сөзін Руфия Мұстафина.