Петропавлда жедел жәрдем неліктен кешігеді

0
1 132

Қала тұрғындары олардың тез келмейтініне, зембілдер мен санитарлардың жоқтығына шағым түсіріп жатыр.


Петропавлда жедел жәрдем неліктен кешігеді

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінде ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында жедел медициналық көмек мәселелері талқыланды, деп жазады ҚазАқпарат.

Жедел жәрдем жұмысы әлеуметтік желілерде, Петропавл мен облыс әкімдерінің есептік кездесулерінде жиі талқыланады. Қала тұрғындары олардың тез келмейтініне, зембілдер мен санитарлардың жоқтығына шағым түсіріп жатыр.

Бұл жағдайды облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Светлана Кашемирова түсіндірді. Оның айтуынша, былтыр облыс бойынша жедел жәрдем жұмысына 18 шағым түсіп, соның ішінде тек біреуі дәйекті болып шыққан.

«ҚР ДС 2017 жылғы №450 бұйрығына сәйкес, түскен өтініштер төрт санатқа бөлінеді. 1-3 санатта - адам өміріне, денсаулық жағдайына қауіпті жағдайлар. Мұндай кезде жедел жәрдем тез арада барады. 4-санатта - адам өміріне қауіп төнбейді. Өтініш емхана жанындағы көмек көрсету бөліміне беріледі. Әр санатта нақты белгіленген бару ережесі бар. 4-санат бойынша - 60 минутқа дейін жетуіне болады», - деді С.Кашемирова.

Ол жедел жәрдем шақырылғаннан кейін бір сағат өткен соң да жеткен кездер болғанын айтты. Бұл, әсіресе, ЖРВИ өршіген кезде болған.

Отырыста белгілі болғандай, №450 бұйрықтағы штаттық нормативте санитарлар мүлдем жоқ. Тек фельдшер мен дәрігер. Өңірдегі фельдшерлердің басым бөлігі - әйелдер. Олар науқастарды жеткізе алмайды. Соған қарамастан, оларға жүргізушілер көмектесіп жатыр. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Аймановтың ақпараты бойынша, жедел жәрдем жұмысындағы мәселелер дәрігер жетіспеушілігінен де туындап отыр.