ШҚО-да ашуға булыққан әйел полицейлерді ұрып, погондарын жұлып алған
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
ERNUR.KZ. Өскемен қаласының тұрғыны тәртіп сақшыларына шабуыл жасап, оларды соғып жіберген. Оған қоса, әйел адам полицейлерді балағаттап, погондарын жұлып алуға дейін барған, деп жазады NUR.KZ.
Өскемендік тәртіп сақшылары отбасылық жанжал туралы хабарлама алып, оқиға орынан келіп жеткен.
Үйдің алдында оларды ашуға булыққан әйел адам күтіп тұрыпты. Келіншек бірден полицейлерді балағат сөздердің астына ала жөнелген.
Әйел адам айқайға басуды аздық көріп, тәртіп сақшыларының погондарын жұлып алуға тырысыпты. Оған қоса, ол полицейлердің бірін екі мәрте ұрып жіберген.
Сабасына түскен соң құқық қорғаушылары жанжал шығарған әйелді бөлімшеге алып кетіп, оның үстінен шағым түсіреді.
Сот нәтижесінде, келіншек кінәлі деп танылып жарты жылға бас бостандығынан айырылды.