Поляк әуе компаниясы Алматыға рейстерді іске қосады

0
113

ҚР Көлік министрлігі халықаралық ұшу географиясын кеңейту және қолданыстағы бағыттар бойынша рейстер жиілігін арттыру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде.


Поляк әуе компаниясы Алматыға рейстерді іске қосады
ERNUR.KZ. ҚР Көлік министрлігі халықаралық ұшу географиясын кеңейту және қолданыстағы бағыттар бойынша рейстер жиілігін арттыру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде. Осы жұмыс шеңберінде 2026 жылғы 1 маусымнан бастап «LOT Polish Airlines» поляк әуе компаниясы Варшава – Алматы бағыты бойынша тұрақты жолаушылар рейстерін Boeing 737 MAX үлгісіндегі әуе кемелерінде аптасына 4 рет жиілікпен (дүйсенбі, сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері) орындауды бастады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Жаңа бағыттардың ашылуын ескере отырып, Қазақстан мен Польша арасындағы рейстердің жалпы саны екі бағыт бойынша аптасына 8 рейске дейін ұлғайды. Қазіргі уақытта «LOT Polish Airlines» әуе компаниясы Астана – Варшава бағыты бойынша да аптасына 4 рет жиілікпен тұрақты рейстерді орындайды.

Сонымен қатар, Қазақстан мен Польшаның авиациялық билігі арасында Атырау – Варшава – Атырау бағыты бойынша рейстер ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Алматы мен Варшава арасында әуе қатынасының ашылуы Қазақстан Республикасы мен Польша Республикасы арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, іскерлік және туристік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді.