Сондай-ақ үкімет басшысы энергетика саласын бақылауды күшейтудің және тиісті өңірлік штабтар жұмысының маңызын атап өтті.
ERNUR.KZ. Премьер-министр Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктері басшыларының қатысуымен алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп жазады sputnik.kz.
"Үкімет басшысы бүгінде дайындық жұмыстарының барысында өте мұқият қарауды қажет ететін проблемалық мәселелер туындап жатқанын айтты. Атап айтқанда, бірқатар объект бойынша жөндеу жұмыстары мерзімінен кешігіп жүруде. "Бұл мәселені біз жақында өткен Үкімет отырысында талқыладық. Дегенмен өзара үйлесімді, бірлескен іс-қимылды бұдан да күшейту қажет. Сондықтан осы жұмыстардың барлығын тағы да мұқият қарап, тікелей шешім қабылдаймыз", — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министр жылу беру маусымына дайындық мәселелері үлкен әлеуметтік маңызға ие екенін атап өтті, сондықтан қазірден бастап ірі апаттардың алдын алып, жылыту маусымының тұрақты өтуі үшін қажетті шараларды қабылдау қажет.
"Атап айтқанда, ЖЭО және желілер иелерімен тікелей, тығыз жұмыс жасау маңызды. Мемлекет тарапынан станциялардың өтінімдеріне сәйкес тарифтер бекітілді. Бұл қаржыландыруды тартуға және жаңғырту жұмыстарын бастауға мүмкіндік береді", — деді Әлихан Смайылов.