Премьер-министр бөлшек саудадағы дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдар бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу шараларын қабылдауды тапсырды

0
94

Мемлекет басшысының бағаны қалыптастыру тетігін реформалау бойынша берген тапсырмасына сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігі жүйелі жұмыстар жүргізді.


Премьер-министр бөлшек саудадағы дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдар бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу шараларын қабылдауды тапсырды

ERNUR.KZ. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Бұл тақырыпта Денсаулық сақтау министрлігі мен «СК-Фармация» компаниясының басшылары баяндама жасады, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Мемлекет басшысының бағаны қалыптастыру тетігін реформалау бойынша берген тапсырмасына сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігі жүйелі жұмыстар жүргізді. Оның нәтижесінде генерик препараттардың шекті бағасы түпнұсқалық дәрілердің құнынан 30%-ға төмендетілді. Реформа аясында баға құрау тізбегінен маркетингтік және көлік шығындары алынып тасталды. Ведомство мамандары 100-ден аса елдің өзекті бағалары бар халықаралық дерекқорға қол жеткізді. Жаңа баға қалыптастыру механизмі негізінде тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі мен МӘМС шеңберінде дәрілік заттардың 2,9 мың сауда атауы, бөлшек және көтерме сауда үшін 4,9 мың атауы бойынша бағалар қайта қаралды.

Дәрілік заттар нарығының барлық қатысушылары таңбалау жүйесіне қосылған. Бұл қадағалау мен реттеу тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Саланы цифрландыру және ЖИ енгізу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Медициналық ақпараттық жүйелерде электрондық рецепт жазу мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйелерін біріктіру нәтижесінде рецепт рәсімдеу уақыты 2 есе қысқарды. Сонымен қатар «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында цифрлық тетіктерді пайдалана отырып, 708 медициналық ұйымда 10 млн-нан астам электрондық рецепт жазып берілді.

«Мемлекет басшысы өзімізде жасалатын дәрі-дәрмектің түрі мен санын көбейтуге қатысты маңызды міндет қойды. Ол үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тіркеудің жеңілдетілген тетігі енгізілді. Нәтижесінде Қазақстанда жаңа препаратты тіркеу 2-5 жылдан 100 жұмыс күніне дейін қысқарды. Яғни, дәрілердің ең жаңа түрлері, емдеу және диагностикалау әдістері тұрғындар үшін қолжетімді бола түсті. Сондай-ақ дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасын бақылаудың қосымша форматы енгізілді. Ол дәрі-дәрмекті нарықтан және денсаулық сақтау ұйымдарынан сұрыптап, таңдап сатып алуды көздейді. Мұндай тәсіл отандық нарықта контрафактілік өнімдердің жолын кесуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр Үкімет отандық фармацевтика өндірушілеріне жүйелі түрде қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Басты мақсат – сыртқы нарықтарға тәуелділікті азайту және дәрілік заттарды халыққа барынша қолжетімді ету.

Сонымен қатар дәрілерді дер кезінде жеткізуге қатысты мәселелер, әсіресе, жылдың басында, жиі туындайды. Логистика мен сатып алу рәсімдерінің созылып кету проблемалары бар.

«Ал көптеген науқастар дәрі-дәрмекті үзбей, кестеге сай қабылдауға тиіс. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты күшейту керек», — деп тапсырды Олжас Бектенов.

Аталған мәселелерді шешу үшін белсенді түрде саланы цифрландыру жұмыстары қолға алынды.

Премьер-министр дәріханаларда рецепт бойынша берілген дәрілердің тиісті сапада және қолжетімді бағада міндетті түрде болуын қамтамасыз ететін жүйені жолға қою қажет екенін атап өтті. Денсаулық сақтау министрлігіне «СК-Фармация» компаниясымен және әкімдіктермен бірлесіп, келесі жылға арналған дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды уақтылы сатып алу және үздіксіз жеткізу жұмыстарын қамтамасыз ету тапсырылды.

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге бірқатар тапсырма берді.

  • Денсаулық сақтау министрлігі монополияға қарсы органмен бірлесіп, бөлшек саудадағы дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу шараларын қабылдасын.
  • Денсаулық сақтау министрлігі Цифрландыру министрлігімен бірлесіп, денсаулық сақтау жүйесіне, атап айтқанда, жоспарлау, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды жазып беру және сатып алу рәсімдерінде жасанды интеллектіні енгізу шараларын жүзеге асыруға тиіс. Сонымен қатар халықтың тарапынан келіп түсетін сұрақтар мен шағымдарға дереу жауап беру қажет.
  • Денсаулық сақтау министрлігіне Мәдениет және ақпарат министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп, дәрілік заттармен қамтамасыз ету туралы халықпен тұрақты негізде кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Бұқаралық ақпарат құралдарын, цифрлық платформаларды, әлеуметтік желілерді, өңірлік іс-шараларды барынша пайдалану керек.
«Біздің міндетіміз – денсаулық сақтау саласын барынша ашық, әділетті және ең бастысы, барлық азаматтар үшін қолжетімді ету», — деп қорытындылады Премьер-министр Олжас Бектенов.

Үйлестіру мен бақылау Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жүктелді.