Президент 1 тамызға дейін Алматыдағы "Skytrain" құрылысын пысықтауды тапсырды

0
107

Бұл желі қаланың шекарасынан шығысқа және батысқа қарай тартылуға тиіс.


Президент 1 тамызға дейін Алматыдағы

фото: Пресс-служба президента Казахстана

ERNUR.KZ. Президент Алматы агломерациясындағы көлік қатынасын күшейтуді тапсырды. Бұл жөнінде мемлекет басшысы Алатау қаласын дамыту жөніндегі отырыста мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
Тоқаев Алатау қаласының Алматыға іргелес орналасуы зор мүмкіндіктерге жол ашатынын, әсіресе, сауда-экономика және көлік-логистика саласындағы байланыстарды едәуір кеңейтуге болатынын айтты.
"Сондықтан тағы да атап өткім келеді: Алатау қаласында, ең алдымен, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау керек. Жаңа кәсіпорындар ашылса, мұнда жұрт та көбірек келіп, тұрақтай бастайды. Бұл үрдіс Алматыға жұмыс бабымен күнделікті келіп-кететін халықтың санын азайтады",- деді президент.
Мемлекет басшысы күн сайын Алматыға облыстан 400 мыңға жуық автокөлік кіріп шығатынын, сондықтан Алматы агломерациясындағы көлік қатынасын күшейту қажет екенін жеткізді. Соның ішінде жылдамдығы жоғары қоғамдық көлік жүйесін белсенді дамыту керек.
"Осыған орай, Алматы қаласының және Алматы облысының әкімдеріне "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп, биыл бірінші тамызға дейін "Skytrain" желісін салу мәселесін пысықтауды тапсырамын. Бұл желі қаланың шекарасынан шығысқа және батысқа қарай тартылуға тиіс. Сондай-ақ Алатау мен Алматы қалаларын жалғайтын жүрдек қоғамдық көлік жүйесін дамыту мәселесін пысықтау қажет", - деді Тоқаев.
Жаңа шаһардың Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының бойында орналасуы және Алатау қаласын Қорғаспен қосатын темір жол тармағының жоспарлануы келешекте Алматы агломерациясының ауқымын кеңейте түседі, деді президент.