Мемлекет басшысы сондай-ақ бұл жұмыстарға халықаралық сарапшыларды тарту қажеттігін айтты. Себебі, геологиялық барлау – жоғары ғылыми дәлдік пен кәсіби тәжірибені талап ететін сала.
ERNUR.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елдің экономикалық және табиғи ресурстық әлеуетін арттырудағы ең маңызды бағыттардың бірі – геологиялық барлау саласын дамыту екенін атап өтті. Мемлекет басшысы бұл саланы жаңа технологиялармен және заманауи тәсілдермен қайта жандандырудың маңыздылығына тоқталды.
«Елімізде ауқымды аэро-геофизикалық зерттеулер әбден ескірген. Цифрлық құралдарды пайдалана отырып, жер қойнауының заманауи картасын жасайтын уақыт келді», – деді Президент. Оның айтуынша, мұндай бастама Қазақстанның жер қойнауындағы табиғи байлықтарды терең әрі тиімді зерттеуге мүмкіндік береді. Бұл қадам кен орындарының әлеуетін жаңа сапалық деңгейде бағалап, минералдық-шикізат қорының нақты көлемін анықтауға жағдай жасайды.
Мемлекет басшысы сондай-ақ бұл жұмыстарға халықаралық сарапшыларды тарту қажеттігін айтты. Себебі, геологиялық барлау – жоғары ғылыми дәлдік пен кәсіби тәжірибені талап ететін сала. «Әрине, ғылыми негізі болмаса, барлау жұмысын ойдағыдай жүргізу мүмкін емес», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент тапсырмасына сәйкес, келесі жылдың ортасына дейін озық халықаралық стандарттарға сай сертификаты бар заманауи зертхана ашылуы тиіс. Бұл зертхана Ұлттық геологиялық қызметтің базасында құрылып, еліміздегі барлық геологиялық зерттеу жұмыстарын үйлестіруші негізгі ғылыми-талдамалық орталыққа айналмақ.
Мемлекет басшысы сонымен қатар геологиялық деректердің ашық әрі жүйелі болуын қамтамасыз етуді тапсырды. «Жер қойнауына қатысты мәліметтің бәрін, ең алдымен, жасанды интеллектіні енгізу арқылы жүйелеп, цифрландыру қажет», – деді Президент. Бұл бағыттағы жұмыс табиғи ресурстар туралы ақпаратты жинау мен талдаудың тиімділігін арттырып, барлау процесін жеделдетеді.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев геологиялық барлау саласының қазіргі таңда ауқымды инвестицияға мұқтаж екенін ерекше атап өтті. Үкіметке осы өзекті мәселені назарда ұстап, шетелдік және отандық инвесторларды тарту бойынша нақты шаралар қабылдау тапсырылды.
Мемлекет басшысы саладағы реформаларды заңнамалық және практикалық тұрғыдан толық аяқтау қажеттігін де айтты. «Геологиялық барлау және жер қойнауын игеру саласындағы реформалардың заң жүзіндегі және іс жүзіндегі рәсімдерін жыл соңына дейін аяқтау керек», – деді ол.
Президенттің бұл тапсырмалары геологиялық барлау саласын түбегейлі жаңартуға, Қазақстанның минералдық-шикізат әлеуетін тиімді игеруге және экономиканың жаңа драйверін қалыптастыруға бағытталған. Бұл ретте цифрландыру мен жасанды интеллектті пайдалану еліміздің табиғи байлығын зерттеу мен игеруде жаңа дәуірдің басталуына жол ашпақ.


