Президент жанындағы Ұлттық кеңестің алғашқы отырысы басталды

0
1 396

Ұлттық кеңестің отырыстары қажеттігіне қарай өткізіледі, бірақ жылына үш реттен жиі өткізілмейді.


Президент жанындағы Ұлттық кеңестің алғашқы отырысы басталды

ERNUR.KZ. Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы басталды. Отырысқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етуде, деп жазады baq.kz.

Ұлттық кеңестің құрылатыны жайлы Қасым-Жомарт Тоқаев 12 маусым күні - Қазақстан Республикасының Президентін ұлықтау рәсімінде айтқан болатын.

«Билік пен қоғам арасындағы диалогтың маңызы зор. Әртүрлі пікірлер бола береді, бірақ біртұтас қоғам керек. Сол үшін мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру жөнінде шешім қабылдадым. Кеңес еліміздегі ең маңызды мәселерді талқылайды», - деген еді ұлықтау рәсімінде Тоқаев.

Сол күні кешке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы қаулы қабылдады.

Ал 2019 жылғы 17 шілде күні Тоқаев Ұлттық кеңестің ережесін және құрамын бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Мемлекет басшысы осы Жарлықтың орындалуын бақылауды ҚР Президентінің Әкімшілігіне жүктеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі (Ұлттық кеңес) - ҚР Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган.

Ұлттық кеңес қызметінің негізгі мақсаты - жұртшылықтың, саяси партиялардың, азаматтық қоғамның өкілдерімен кеңінен талқылау негізінде мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар тұжырымдау.

Ұлттық кеңестің отырыстары қажеттігіне қарай өткізіледі, бірақ жылына үш реттен жиі өткізілмейді.

Ұлттық кеңестің құрамы: Қасым-Жомарт Тоқаев - Қазақстан Президенті, төраға; Қырымбек Көшербаев - ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы, төраға орынбасары; Ерлан Қарин - ҚР Президентінің кеңесшісі, хатшы.

Ұлттық кеңестің мүшелері: Экономикалық саясат институтының президенті Қайырбек Арыстанбеков; Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков; ҚР Ұлттық архивінің «Архив-2025» ғылыми-әдістемелік орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы; қоғам қайраткері Мұрат Әбенов; «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы» РҚБ президенті Азаматхан Әміртаев; қоғам қайраткері, саясаттанушы Данияр Әшімбаев; Қазақстан Медиаодағының тең құрылтайшысы Арманжан Байтасов; қоғам қайраткері, «Мен ояндым» акциясының қатысушысы Бақытжан Бұқарбай; журналист, «IInformburo.kz» порталының бас редакторы Михаил Дорофеев; Мәжіліс депутаты Дания Еспаева; «Ракурс» экономикалық талдау орталығының директоры Ораз Жандосов; қоғам қайраткері, дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы; қоғам қайраткері, саясаттанушы Расул Жұмалы; әлеуметтанушы Гүлмира Илеуова; қоғам қайраткері Қазыбек Иса; «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы; «Жастар» ҒЗО директоры Талғат Қалиев; «Қазақстанның Азаматтық альянсы» ЗТБ президенті Асылбек Қожахметов; қоғам қайраткері Жәнібек Қожық; журналист, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат; қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадам; кәсіпкер, IT-маман Бағдат Мусин; қоғам қайраткері Ауыт Мұқибек; «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов; саясаттанушы Саясат Нұрбек; Алматы жоғары басқару мектебінің және «Аспандау» ғылыми-білім беру қорының президенті Қанат Нұров; адвокат,«Құқық қорғаушылар» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы Айман Омарова; құқық қорғаушы қайраткер Айгүл Орынбек; «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев; «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес АҚ басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков; «Team Qazaqstan» жастар қозғалысының жетекшісі Асхат Садырбай; Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Ерлан Саиров; қоғам қайраткері, саясаттанушы Айдос Сарым; Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Максим Споткай; қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан; «Адам құқықтары хартиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетова; Қазақстан киноматографистер одағының төрағасы, режиссер Ермек Тұрсынов; Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан; «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев; «Транспаренси Казахстан» қоғамдық қоры Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Марат Шибұтов; «Қазақстан барысы» даму қоры Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Арман Шораев.

Бұған дейін кеңес мүшелерінің мүшелік кездесуі өткен болатын. 28 тамызда ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы, Кеңес төрағасының орынбасары Қырымбек Көшербаевтың басшылығымен өткен жиында Ұлттық кеңес қызметінің бағыттары мен тетіктері, Кеңестің бірінші отырысын өткізуге дайындық мәселелері талқыланып, жұмыс топтары құрылған еді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен бірқатар кездесу өткізді.