Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға Жалпыұлттық жоспар бойынша ұсыныстарын 4 қыркүйекке дейін Ұлттық экономика министрлігіне енгізуді тапсырды.
ERNUR.KZ. Президент Жолдауының барлық бағыттарын іске асыру бойынша Жалпыұлттық жоспар жасалады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Президент мемлекеттік басқаруды жетілдіру, кадр саясатын, шешім қабылдау және олардың орындалуы үшін жауапкершілік жүйесін қайта қарау бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Бірқатар, оның ішінде Мемлекет басшысына бағынысты мемлекеттік органдар құрылады. Осы міндеттерді орындау үшін Үкімет жедел және нақты шаралар қабылдауы қажет», - деді ол.
Үкімет басшысы Президент Жолдауының барлық бағыттарын іске асыру бойынша Жалпыұлттық жоспар жасалатындығын айтты.
«Мемлекет басшысының Жолдауын толық және уақытында іске асыру үшін қажетті ресурстар мен құралдар бар. Осы ретте Жолдауды белгіленген міндеттерді тиімді орындау бойынша үйлесімді жұмысты қамтамасыз етуіміз қажет. Мемлекеттік органдарға Жалпыұлттық жоспар бойынша ұсыныстарын 4 қыркүйекке дейін Ұлттық экономика министрлігіне енгізуді тапсырамын. Келесі отырыста Мемлекет басшысының бекітуіне енгізу үшін Жалпыұлттық жоспардың жобасын қарастырып, мақұлдауымыз керек», - деді Асқар Мамин.