ERNUR.KZ. Атыраудағы "Сармат" мамандандырылған әскери мектебінде оқушылар мекеме қызметкерлерінің зорлық-зомбылық көрсеткенін мәлімдеді. Аталған оқиғаға қатысты тексеру жүріп жатыр, деп жазады Zakon.kz.
Оқушылардың айтуынша, оларды әлденеше рет ұрып-соғып, электрошокер қолданып, пышақпен қорқытқан. Бұл жағдай туралы жәбірленушілердің бірінің анасы әлеуметтік желіде баяндап берген. Ол соңғы оқиғалардың бірі 4 желтоқсанда болғанын нақтылады. Сол күннен бергі ұлының денесінде әлі күнге дейін соққы іздері қалып қойған, деп жазады Ақжайық басылымы.
"Жарақаттанған жерлерді байқаған соң, мұның қалай болғанын білу үшін оқу орнына келдім, бірақ директор да, мұғалім де болмады. Біраз уақыттан кейін баламның мектептен шығарылғанын білдім", – дейді ол.
Оның айтуынша, қазан айынан бастап баласының мектепке барғысы келмей жүргенін байқаған.
"Ата-аналарға "балаларыңызға мектепте қонуға болады" деген хабарлама келген еді. Бірақ балам қалғысы келмейтінін айтты. Ал оның мектептен шығарылуына келсек, ол "насыбай қолданған" деп хабарлады. Кейінірек үшінші тұлғалардан білгенімдей, насыбай баланың қалтасынан табылды деп отыр. Бірақ бұған куә жандар жоқ. Мен бұл істің жиналыста қаралғанын білмедім, оның үстіне ата-аналардың қатысуынсыз жиналыста оны мектептен шығару туралы шешім қабылданған. Өзінің кінәсіз екенін дәлелдеу үшін балам анализдер тапсырды. Ешқандай зат табылмағаны туралы қорытынды қолымызда. Бұл туралы сынып жетекшісіне де айттым. Бірақ баламды бәрібір оқудан шығарып жіберді. "Неге баланы оқудан шығарасыздар" деп сұрағанда, жауап бермеді. Директордың іссапарда екенін айтты. Қазір балам үйде оқусыз отыр, екі рет мектептен "құжаттарды алып кетіңіз" деп жазыпты. Бірақ мен құжаттарды алудан бас тарттым, себебі балам кінәлі емес", - дейді ол.
Жәбірленушінің анасы полицейлер мен білім беру басқармасына арыз жазған, бірақ одан нәтиже болмапты. Балаларым жақсы оқиды, тәртіптері жақсы. Егер балам шынымен тәртіпсіз болса, мектепке барып жүрмес едім.
Сондай-ақ, анасы мектепке оқитын балаларға электрошокер қолданылатын дәлелдерді ұсынды.
"Балама электрошокер қолданған, кеуде тұсынан ұрған, пышақ тигізген, ине шаншыған. Баламның денесінде пышақтың ізі әлі көрініп тұр", - дейді Нұргүл.
Ал, наразы болған өзге ата-аналар мектепті жан-жақты тексеріп, кінәлілерді жазалауды талап етті.
Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі Атырау облысындағы "Сармат" мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында мекеме мен ата-аналар арасында келісім жасалғанын жеткізді.
"Аталған оқушы мектепте бірнеше рет тәртіпсіздік жасаған. Ата-анасына ескертілген. Бала мектепішілік есепке алынған. 2024 жылдың қыркүйегінде бала тәртіпсіздік жасап, “ескертумен” мектепте қалдырылған. Желтоқсан айында тәртіпсіздік қайталанған соң ата-анасы шақырылады. Олар келмейді. Бала 9 желтоқсан күні педагогикалық кеңестің шешімімен мектептен шығарылады", - деп хабарлады облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта ата-ананың арызы бойынша тергеу амалдары жүруде. Білім беру басқармасымен оқу-тәрбие процесінің ұйымдастырылуы бойынша зерделеу жұмыстары өтуде. Оқушыға психологиялық көмек көрсетіледі.
Басылым Атыраудағы “Сармат” мамандандырылған мектеп-лицей интернатында 236 оқушы білім алатыны, 39 мұғалім, 19 тәрбиеші қызмет ететінін, ата-аналармен арада өзара қол қойылған келісімі барын жазады.