ДДСҰ QazVac вакцинасын тіркеп, оң нәтижесін береді дегенге кепілдік бар ма? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер спикерлерге осындай сұрақ қойды.
ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бұған күмән келтірмейтінін жеткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Отандық вакцина уақыт тексеруінен өтті. Қаншама азамат QazVac вакцинасын алды. Оны шығарудың арқасында Қазақстанның аты да шықты. Дүниежүзіндегі 6 мемлекеттің қатарына Қазақстан 5-ші болып кірді. Қазіргі кезде вакцинаны 40 шақты ел сұрап жатыр. Бұл оның жоғары деңгейінің көрсеткіші деп қабылдауға болады. Ал ДДСҰ-ның вакцинаны тіркеу бойынша нақты талаптары бар, оны үшінші ұлттық регуляторға сәйкес келтіруіміз керек. Бүгінгі таңда әлемдік мамандар мен ғалымдар оның деңгейінің жоғары екендігін мойындады. Үшінші деңгейге жеткеннен кейін QazVac-тың тіркеуден өтетініне ешқандай күмәнім жоқ», - деді Е.Тоғжанов.
Сонымен қатар, үкімет басшысының орынбасары 25 мемлекетпен өзара вакцина паспортын мойындау туралы шешімдер қабылданып, отандық вакцинамен басқа елдерге бару мүмкіндігі беріліп отыр.