Ресей дәрігерлері Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталды

0
767

Елшіліктен мәлім еткендей, 2-дәрежелі «Достық» орденімен және «Шапағат» медалімен Мәскеу және Мәскеу облысы ауруханаларының анестезиолог-реаниматологтары, инфекционисттері, пульмонологтары, эпидемиологтары, барлығы 28 адам марапатталды.


Ресей дәрігерлері Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталды

ERNUR.KZ. Мәскеудегі Қазақстан Елшілігінде коронавирус инфекциясымен күресуде қазақстандық әріптестеріне көмектескен ресейлік дәрігерлерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары табыс етілді, деп жазады ҚазАқпарат.

Елшіліктен мәлім еткендей, 2-дәрежелі «Достық» орденімен және «Шапағат» медалімен Мәскеу және Мәскеу облысы ауруханаларының анестезиолог-реаниматологтары, инфекционисттері, пульмонологтары, эпидемиологтары, барлығы 28 адам марапатталды.

«2020 жылдың жазында Қазақстанда індеттің шарықтау шегінде олардың дер кезінде көмек көрсетуі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға үлкен үлес қосты», - делінген дипломатиялық өкілдік сайтында.

Дәрігерлер алдында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшісі Ермек Көшербаев олардың ең қажетті әрі маңызды мамандықтың өкілі екенін атап өтті.

Сондай-ақ ол Қазақстанға тестілер, реагенттер, вакциналар жеткізу және бірінші кезекте медицина бригадаларын жіберу түріндегі осы қауіпті вируспен күресте көрсеткен көмегі үшін ризашылығын білдірді.

Өз кезегінде дәрігерлер Қазақстан басшылығына жоғары марапаттары үшін алғыстарын білдірді.

Жуковский Қалалық клиникалық ауруханасының Анестезиология және реанимация бөлімінің меңгерушісі Станислав Арсентьев бұл оның алғашқы халықаралық сыйлығы екенін айтты.

«Ол маған өте жағымды көңіл-күй береді. Еңбегімді бағалағаны үшін өте ризамын. Қазақстан мен оның халқына алғысым шексіз. Бақытымызға орай, сәтті аяқталған сол оқиғаларды бүгін тағы бір еске түсірдік», – деді ол.

Сондай-ақ, бүгінгі салтанатты шарада 2-дәрежелі «Достық» орденімен Ресей ғылым академиясының Ресей тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Дина Аманжолова марапатталды. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» медальдарымен ММЛУ ректоры Ирина Краева, ҰЗТУ МБжҚИ ректоры Алевтина Черникова, Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясының жоғары корпоративтік басқару мектебі факультетінің деканы Сергей Календжян, Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық және қоғаммен байланыс департаментінің директоры Сергей Муравьев марапатталды. Мәскеудегі қазақ диаспорасының белсенділеріне Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшісінің Алғыс хаттары табыс етілді.