Ресей Қазақстанға Амур жолбарыстарын тегін береді

0
923

2010 жылы Қазақстан халықаралық жолбарыс саммитінде Орталық Азияға Тұран жолбарыстарын қайтаруға дайын екенін мәлімдеген.


Ресей Қазақстанға Амур жолбарыстарын тегін береді

ERNUR.KZ. Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіру аясында «Іле-Балқаш» қорығы дайындалды. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Тұран жолбарысы бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. «Іле-Балқаш» қорығы дайындалды. Біз бұл қорықтың 415 мың гектардан астам аумағын белгіледі. Жолбарыстарға қатысты айтатын болсақ, қыркүйек айында Ресей Федерациясында өткен экономикалық форумында РФ-тің Табиғат министрлігімен арада меморандумға қол қойылды. Қазіргі уақытта тиісті жол картасы әзірленіп жатыр. Оған сәйкес біз ғылыми зерттеулерден басқа, 2025 жылы амур жолбарысының бірінші партиясын елімізге әкелуді жоспарлап отырмыз», - деді С. Брекешев Мәжілістегі Үкімет сағатынан кейін тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Осы орайда ол Қазақстанға үш жолбарыс жеткізілетінін айтты. Бұл тұрғыда ол аталған қорық аумағында қабан мен елік санын көбейту, бұқар бұғыларының популяциясын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

«Жолбарыстарды Ресей жағы тегін береді, сондықтан бұл тұрғыда төлем туралы мәселе жоқ. Амур және Тұран жолбарыстарына тоқталсақ, ғалымдарымыз ДНҚ бойынша бұл жолбарыстар өзара жақын екенін дәлелдеді. Сондықтан Амур жолбарыстарын Іле-Балқаш қорығының аумағына қайта жерсіндіру туралы шешім қабылданды», - деді министр.

Айта кетейік, 2010 жылы Қазақстан халықаралық жолбарыс саммитінде Орталық Азияға Тұран жолбарыстарын қайтаруға дайын екенін мәлімдеген.

Ал 2017 жылы Қазақстан мен Бүкіләлемдік жабайы табиғат қоры (WWF) Оңтүстік Балқаш маңы мен Іленің Дельта ауданында жолбарыстың реинстродукциясы Бағдарламасын жүзеге асыру туралы Меморандумға қол қойылды.