Көрмеге 50-ден астам қазақстандық кәсіпорындар қатысады
ERNUR.KZ. Бүгін ресейлік Астрахань қаласында «Қазақстанда жасалған» атты екі күндік сауда-өнеркәсіп көрмесі өз жұмысын бастады. Іс-шараны Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Елшілігі, Астрахандағы ҚР Консульдігі Қазақстанның Сыртқы сауда палатасымен бірлесіп ұйымдастырып отыр, деп жазады Baq.kz.
Іс-шараға Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан ел экономикасының негізгі машина жасау, құрылыс, химия, фармацевтика, жеңіл өнеркәсіп және агро-азық-түлік кешені салаларымен айналысатын 50-ден астам қазақстандық кәсіпорындар қатыспақ.
Көрменің іскерлік бағдарламасына «Қазақстандағы бизнесті жүргізу басымдықтарының таныстырылымы» тақырыбына бизнес-семинар және В2В форматындағы келіссөздер кіреді.
Бұл іс-шара Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы кәсіпкерлерінің арасындағы іскерлік қарым-қатынастарды жолға қоюдың жалғасы болып табылады және екі елдің экономикаларының өсуі мен бәсекеге қабілеттігін қамтамасыз ету мақсатында билік пен бизнестің сындарлы өзара іс-қимылының мәселелерін шешуге қызмет етеді.
Іс-шараның өткізілетін орны: Астрахань қ., Николай Островский көшесі, 147-үй, «Звездный» спорттық-ойын-сауық кешені.