Зардап шеккен баланың жасы – 17-де. Ол куәгерлерге әке-шешесі жоқ екенін, әжесінің инсульт алып қалғанын айтқан.
ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтанда жаяу жүргінші жолымен өтіп бара жатқан баланы көлік қағып кетті. Жүргізуші бірден тоқтамаған. Көлігін фитнес-орталықтың алдына апарып қойды. Оны куәгерлер ұстап қалды, деп жазады sputnik.kz.
Жол оқиғасы қаланың сол жағалауында болған. Куәгерлердің бірі қымбат көліктің баланы қалай қаққанын баяндап берді.
"Сол жағалаудың қақ ортасындағы жол-көлік оқиғасына куә болдым. 1999 жылы туған жас жігіт жаяу жүргінші жолында жасөспірімді қағып, оқиға орнынан қашып кетті. Жай қашып кеткен жоқ. Көлігін фитнес-орталықтың алдына қойды да, түк болмағандай спортпен айналысуды жоспарлады. Абырой болғанда, бұл оқиғаны тағы бір қыз көрді. Екеуіміз жол полициясы мен жедел жәрдем шақырдық", - деп жазды Сара.
Оның айтуынша, зардап шеккен баланың жасы – 17-де. Куәгерлер оның жағдайын және туған-туыстарын сұрағанда жасөспірім бірден жауап бере алмады. Одан кейін көзіне жас алып, әжесіне ештеңе айтпауды өтінді. Сөйтсе, оның әке-шешесі жоқ. Әжесі инсульт алып, сал болып қалған. Жетім бала әжесінің денсаулығы үшін қатты алаңдады.
"Ал 14 мамырда 22 жасқа толатын жас жігіт өте арсыз адам болып шықты. Өзінен екі есе үлкен әйелдердің аузын жауып, үнемі біреуге қоңырау шалып, сөйлесіп жүрді. Титтей өкініш те білдірген жоқ. "Неге көліктен шығып, кешірім сұрамадыңыз? Неге жедел жәрдем шақырмадыңыз?" деген сұрақтарға, өзін кінәлі сезінбейтінін жеткізді. "Бала аман-есен ғой, жанымызда тұрған жоқ па?" деп, дүңк еткізді. Жол полициясы келсе де, міз бақпады. Маған құжат толтыруға, ал полицейлерге жұмыс істеуге кедергі жасады", - дейді Сара.
Ол Google арқылы қымбат көлік мінген жас жігіттің әкесін анықтады. Ол – Нұрғалиев Дамир Бақытұлы болып шықты. Қаржы министрлігінде істейтін шенеунік мемлекеттік кірістер комитетінде акциздерді әкімшілендіру басқармасына жетекшілік етеді.
"Кінәлі адамның жоғары лауазымды туыстары әрекет жасап, ол жазадан құтылып кетуі де мүмкін. Ал оның тағы адамды қағып кетпеуіне кім кепіл бола алады? Мен екінші куәгермен бірге сотта бәрін айтамын! Балаларды жолаушылар өткелінде қағып, тағдыр тәлкегіне тастап кеткендерге бей-жай қарай алмаймын! Байлар мен шенеуніктердің балалары өз ережелерімен жүрмеуі керек. Оған шыдай алмаймын! Бұл – менің азаматтық ұстанымым", - дейді Сара.
Нұр-Сұлтан қалалық полиция депаратменті жол-оқиғасының болғанын растады. 30 сәуірде Toyota Camry мінген 21 жастағы көлік жүргізушісі Түркістан көшесімен Сығанақ жақтан келе жатқанда №2 үйдің жанында 2004 жылы туған жасөспірімді қағып кетті. Жолаушы белгіленген жерде жолдан өткен.
"Жол-көлік оқиғасы тәртіп бойынша Нұр-Сұлтан полиция департаментінде тіркелді. Зардап шеккен бала емделіп жатыр. Сот-медициналық сараптаманың нәтижесі бойынша дене жарақаттарының қаншалықты ауыр екені анықталады", - дейді полицейлер.