​«Росатом» Қазақстанның уран кенішіндегі өз үлесінің бөлігін сатты

0
171

Бұл ретте осы бірлескен кәсіпорындағы Қазатомөнеркәсіптің қатысу үлесі өзгерген жоқ және ол 49,979%-ды құрайды.


​«Росатом» Қазақстанның уран кенішіндегі өз үлесінің бөлігін сатты

Фото: «Қазатомөзнеркәсіп»

ERNUR.KZ. «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ ресейлік серіктестің кейбір бірлескен кәсіпорындардан шыққаны туралы хабарлады, деп жазады inform.kz.

«Росатом» мемлекеттік корпорациясының компаниялар тобына кіретін «Ураниум Уан Груп» АҚ түпкі бенефициары State nuclear Uranium Resources Development Co., Ltd (ҚХР) компаниясы болып табылатын SNURDC Astana Mining Company Limited компаниясының пайдасына «Заречное» БК» АҚ-ның акцияларының өзіне тиесілі 49,979%-ын сатты.

Бұл ретте осы бірлескен кәсіпорындағы Қазатомөнеркәсіптің қатысу үлесі өзгерген жоқ және ол 49,979%-ды құрайды.
«Заречное» БК» АҚ 1977 жылы ашылған Түркістан облысындағы Заречное кен орнында уран өндіруді жүзеге асырады. Кен орнындағы уран қоры 2024 жылдың басында шамамен 3,5 мың тоннаны құраған. Кен орнын игеруді аяқтау 2028 жылға жоспарланып отыр.
«Ураниум Уан Груп» АҚ сондай-ақ «Хорасан-U» БК» ЖШС-тің жарғылық капиталына қатысу үлесінің 30%-ын және «Қызылқұм» ЖШС-тің жарғылық капиталына қатысу үлесінің 30%-ын мәміле тараптары оны жабу рәсімдерін аяқтаған жағдайда түпкі бенефициары China General Nuclear Power Corporation (CGN, ҚХР) болып табылатын China Uranium Development Company Limited компаниясының пайдасына сатады деп күтілуде. Осы бірлескен кәсіпорындарда Қазатомөнеркәсіптің қатысу үлесі өзгермейді, «Хорасан-U» БК» ЖШС-те 50% және «Қызылқұм» ЖШС-те 50% (жанама) деңгейде сақталады.
«Хорасан-U» БК» ЖШС Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Солтүстік Харасан кен орнының «Харасан-1» учаскесінде уран өндіруді жүзеге асырады. Кен орнының қорлары 2024 жылдың басындағы жағдай бойынша пайдалану мерзімі 2038 жылға дейінгі 33 мың тоннаға жуық уранды құрайды. «Хорасан-U» БК» ЖШС-те өндірілген бүкіл уран тікелей сол игеріліп жатқан учаскенің өзінде орналасқан «Қызылқұм» ЖШС-тің өндірістік қуаттарында қайта өңделеді. «Қызылқұм» ЖШС жер қойнауын пайдалану құқығына ие емес және тек уранды қайта өңдеу бойынша қызметтерді жүзеге асырады.
Қазатомөнеркәсіп жаңа серіктестерін құттықтап, бірлескен жұмыста табыс тілейді. Қазіргі уақытта Компанияның стратегиялық басымдығы минералды-шикізат базасын толықтыру және қорлардың тұрақты өсуін қамтамасыз ету болып табылады.
Компания перспективалы аумақтарды бағалауға және жаңа кен орындарын ашуға бағытталған геологиялық барлау жұмыстарының ауқымды бағдарламасын іске қосты. Бұл бағдарлама атом холдингінің ұзақ мерзімді позициясын нығайта отырып, оң нәтиже береді. Бір ғана биылдың өзінде Қазатомөнеркәсіп перспективалы учаскелерде уранды барлауға төрт жаңа лицензия алды, оларды компания тек өз күштерімен орындауды жоспарлап отыр. Алдын ала бағалаулар бойынша, осы перспективалы учаскелердегі жалпы болжамды ресурстар 180 мың тоннадан асады.
Осыған дейін Қазақстанның 2050 жылға қарай атом энергетикасын үш есе ұлғайту туралы декларацияға қосылғаны туралы жаздық.