Президент атом энергетикасын дамытуға стратегиялық минералды ресурстар керек екенін атап өтті.
Фото:depositphotos.com
ERNUR.KZ. Президент АЭС құрылысына қатысты келіссөздерде еліміздің мүддесін ескеру қажет екенін айтты, деп жазады tengrinews.kz.
Мемлекет басшысы таяуда Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу бойынша жұмыстар басталғанына назар аударды. Жобаны халықаралық консорциум жүзеге асырады. Оның жетекшісі – "Росатом" компаниясы.
"Тиісті Агенттік, жалпы, Үкімет осы компаниямен келіссөздер өткізген кезде әрдайым еліміздің мүддесін ескеруі қажет, келісімдердің барлығы әділетті, теңгерімді, тиімді болуы керек. Табиғи байлығымызды, яғни уранды талан-таражға салуға болмайды. Бүгін мен мұны ғалымдардың және бүкіл ғылым қауымдастығының алдында әдейі айтып отырмын. Бұл – аса маңызды мәселе. Әрине, біз бір атом электр станциясымен шектеліп қалмаймыз. Екінші, үшінші атом станциясын қазірден бастап жоспарлай беруіміз керек. Қытай Төрағасымен кездесуде біз осы мәселені талқыладық. Елдеріміз бейбіт атом бағытындағы ықпалдастығын күшейте береді. Қытайдың өзінде алдағы он бес жылда 76 жаңа реактор іске қосылмақ. Шығыстағы көршіміз – осы саладағы жетекші мемлекеттің бірі", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент атом энергетикасын дамытуға стратегиялық минералды ресурстар керек екенін атап өтті.
"Қазақстанда бұл салаға қажетті сирек кездесетін металдар жеткілікті. Біз – уран өндірісі бойынша әлемдік көшбасшы мемлекеттің біріміз. Әлемдегі уран қорының 40 пайызы – қазақ жерінде. Осы басымдығымызды дұрыс пайдалану қажет. Атом станциясы салынған соң уранның экономикадағы рөлі түбегейлі өзгереді. Бұрын экспортқа ғана кетіп жатқан бұл байлық енді ішкі нарықтың қажетіне жарайтын болады. Бұл жұмысқа қазірден бастап дайындалған жөн, тиісті талдау жүргізілуге тиіс. Ғалымдарымыз осыны ескеруі керек. Жалпы, елімізде атом саласының ғылыми негізі бұрыннан бар. Кезінде әйгілі академик Қаныш Сәтбаев КСРО Министрлер кабинетіне хат жазып, Қазақстанда ядролық физиканы дамыту мәселесін көтерген. Көп ұзамай 1957 жылы Алматыда Ядролық физика институты ашылды. Міне, сол кезеңнен бастап елімізде әлемдік талапқа сай ғылыми-технологиялық инфрақұрылым қалыптаса бастады. Астана, Алматы және Курчатов қалаларында арнайы қондырғылар іске қосылды, онда отандық және шетелдік ғалымдар белсенді жұмыс істеуде. Бертінге дейін Қазақстан, негізінен, шикізат экспорттады. Енді біз ядролық отын цикліндегі өңдеу үлесін дәйекті түрде арттырамыз. Мысалы, 2021 жылы елімізде жылу бөлетін тораптар шығаратын зауыт ашылды. Атом электр станциясы бұл саладағы өндірістік циклді толық аяқтауға мүмкіндік береді. Соның арқасында атом энергетикасы сыртқы нарыққа тәуелсіз, ұлттық салаға айналмақ. Бұл – өте күрделі жұмыс. Сондықтан ғалымдарымызға зор жауапкершілік жүктеледі", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент еліміздің атом ғылымындағы өзекті мәселелерге тоқталып, бірінші кезекте осы саланың кадрлық әлеуетін арттыру қажет екенін жеткізді.
"Елімізде білікті инженерлер, техникалық мамандар тапшы. Бұл – шын мәнінде, өте өзекті мәселе. Атом саласындағы жағдай да дәл осындай. Ахуалды жедел түзеу керек. Бүгінде жоғары оқу орындарын бітіріп жатқан түлектердің 90 пайызы – бакалаврлар. Ал ғылым докторларының үлесі 1 пайызға да жетпейді. Сондықтан докторантураға бөлінетін грант санын көбейту қажет. Әсіресе, техникалық мамандықтарға басымдық берген абзал. Менің тапсырмам бойынша "Болашақ" стипендиясының 70 пайызға жуығы техникалық-инженерлік мамандық иелеріне беріле бастады. Былтыр жасанды интеллект саласына жыл сайын 50-ден астам стипендия бөлу туралы шешім қабылдадық. Келесі жылдан бастап атом мамандарын дайындау үшін жылына 20 квота беріледі. Мұны технократ ұлт болу жолындағы маңызды қадам деуге болады", – деді Мемлекет басшысы.