Балалар есейген соң олардың өз тыныс-тіршілігі, жеке уайымы және міндеттемелері болатынын ескерген жөн.
Мамандар жас келгенде балаларға салмақ салмай, алаңсыз ғұмыр кешу үшін қарттық шаққа дайындықты ерте бастан қолға алу керектігін айтады. Балалар есейген соң олардың өз тыныс-тіршілігі, жеке уайымы және міндеттемелері болатынын ескерген жөн. Соған сай балаңыз үнемі қасыңыздан табылады деп сенбеңіз және сөзіңізді сөйлеп, ісіңізді құптамауы да мүмкін.
Бұрын ғасырда, бірнеше жылдарда ерекше өзгерістер, жағдайлар орын алса, қазір айына, аптасына, кейде күнде бір өзгеріс болып жатады. Ал біздің ағзамыз бен сана-сезім ол жылдам өзгерістерге бейімделіп үлгермей жатады. Бұл созылмалы күйзеліске алып келеді.
Біз күнделікті неше түрлі жағымсыз жағдайлармен кездесіп жатамыз – қоғамдық көлікте біреу дөрекі сөйлейді, кассадағы қыз айқайлап, көршіңіз мазаңызды қашыруы мүмкін. Тіпті, жай ғана болмашы келеңсіздіктің өзі күні бойғы көңіліңізді бұзып, ары қарай жағымсыз ойларға батыра түседі.
Адам миының ерекше кемшілігі бар: біз жағымды әсерді тез ұмытып, жағымсызға ұзақ уақыт байланып қаламыз. Қуанышты оқиғалар күні бойы керемет әсерге бөлесе, көңілді түсіретін жайттар, уайым апталап, тіпті айлап ойдан шықпай жатады. Жағымсыз ой бойымыздағы энергияны алы қояды. Ынта, шабыт жоғалады, адам керісінше тұйықталып, эмоциялық тұрғыдан азады. Әсіресе, жас келе адамдар мүлде уайымшыл бола бастайды.
Қартайғанда жағымсыз ойларға беріліп, өз-өзіңізді тұншықтырып, балаларыңызды уайымға салмау үшін мына бір ережелерді ескергеніңіз дұрыс.
Денсаулыққа мән беріңіз
Адам үшін ең маңызды нәрсенің бірі – денсаулық. Қанша қаражатыңыз көп, бай болсаңыз да, денсаулығыңыз болмаса бәрі бекер. Негізі жас кезде денсаулыққа көп көңіл бөле бермейтініміз рас. Ұйқының қанбауы, шаршау, салауатты өмір салтын ұстанбау, уақытында дәрігерге бармау – мұның барлығы жас кезде болатын жағдайлар. Алайда мұның барлығы жиналып міндетті түрде бір күні сыр бере бастайды.
Мұны болдырмау үшін алдымен физикалық белсенділікке басымдық беріңіз. Физикалық белсенділік жүйкенің саулығына пайдалы. Физикалық жаттығулар – жан тыныштығын тепе-теңдікте ұстайтын маңызды құралдың бірі саналады. Ол йога, жүру, жүгіру немесе тіпті жай қимыл болсын, соның өзі денеңіз бен ойыңызды жақсы қалыпта ұстауға көмектеседі.
Өзіңіздің менталды қоршауыңызды өзгертіңіз
Әрбір адамның ішкі жан дүниесі бірегей және ол өзгеруге бейім. Сондықтан өз-өзіңізді қазбалап, жей бергенше, ақпараттық таспаңызды сүзгіден өткізіп,оны пайдалы, қажетті, дамуға бағытталған контентпен толтыруға тырысыңыз. Құлшынысыңызды арттыратын кітап оқыңыз, телефоннан да сондай ақпарттарды қараңыз. Өзіңізді қолдап, дем бере алатын адамдармен жиі араласқаныңыз дұрыс.
Жағымсыз жаңалықтар, әңгімелер мен өсектен аулақ болыңыз
Жоғарыда жазып кеткендей ми барлық ақпаратты есте сақтап қалады. Біз оны жете түсініп, сезінбесек те әрбір дыбыс, әр көрініс және эмоция жадымызда сақталады. Егер біз үнемі жаман ақпаратты тыңдай берсек, онда ми соған бейімделіп кетеді. Мысалы, жай ғана кейде бір музыка тыңдасаңыз соның өзі мида қалып, ыңылдап қайталап жүретініміз бар.
Психологиялық денсаулығымызды қорғау – миды қандай жағдайға душар ететінімізге байланысты болады. Мүмкін біз басымызға келген нәрсенің барлығын бақылай алмайтын шығармыз, бірақ, қажетсіз негативтерді сүзгіден өткізе аламыз. Мазаңызды қашыратын әңгіме мен көңіл көтеруден, тым көп жаман ақпараттардан қашыңыз.
Мида жиналған жағымсыз ақпараттың көптігі адамды жиі ашулануға, өз ойыңызды өзгелерге тықпалауға немесе өзіңіздікін дұрыс деп санауға алып келуі мүмкін. Ал мұның өз ой-пікірі қалыптасқан ұл-қызға, келінге ұнауы екіталай. Олар үндемегеннің өзінде сізбен әңгіме етуден қашатын болады, үйдің берекесін аласыз.
Қаржы жинаңыз
Әрине қазіргі заманда қаражат жинау кішкене қиындау, дегенмен болатын дүние. Қартайғанда балаға салмақ салмау үшін, мүмкін болса қаражат жиып қойыңыз. Ол қаражатқа жақсы бір демалысқа барарсыз немесе дәрі-дәрмек, керек-жарағыңыздыі аласыз. Қаржы жинай алмасаңыз, тым құрығанда қарызыңыз болмасын. Барлық несие, қарыздарды жауып тастауға тырыңыз.
Өзіңізге қуаныш сыйлайтын хоббимен және істермен айналысыңыз
Эмоцияны басқару үлкен шешуші мәнге ие. Кезінде аристократтар өз балаларын кез келген жағдайда сабырлық сақтауға үйреткен. Себебі эмоциялық тұрақтылық – бұл билік формасы. Өз реакцияңызды басқара алсаңыз, онда жағымсыз әсерді аз сезініп, өмірден көбірек қуаныш табасыз. Ал оңды эмоцияларды көбірек сіңірген сайын, жұмысқа да, өмір сүруге де белсенділік арта түседі.
Ойыңыз белсенді болғаны ауадай қажет
Ақыл-ой әрекеті – оқу, мәселенің шешімін табу немесе жаңа дағдыларды меңгеру – бұл тек танымдық белсенділікті ұзартып қана қоймайды, сонымен қатар жалпы көңіл-күйді жақсартады. Ой белсенділігі артқан сайын қызығушылығыңыз ұлғайып, энергияңыз таси түседі.
Сіздің психикалық денсаулығыңыз ой-санаңызға не жіберетініңізге байланысты. Өз ортаңызды сүзгіден өткізіп отырыңыз, эмоциялық жағымдылықты сақтап, қанша жасқа келсеңіз де оқудан қашпаңыз. Жағымсыз нәрселерге миыңыздан орын бермеңіз. Қарттыққа өмірдің соғы деп емес, даналық пен тыныштыққа, бақытқа толы кезең деп қарағаныңыз дұрыс.
Дайындаған: Э.Базарбаева,
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


