Қызылорда облысында 14 жыл бұрынғы жасөспірім өліміне қатысты қылмыс ашылды

0
115

Қайғылы оқиға 2012 жылдың қазан айында Қармақшы ауданының Жосалы кентінде болған.


Қызылорда облысында 14 жыл бұрынғы жасөспірім өліміне қатысты қылмыс ашылды

Фото: ІІМ

ERNUR.KZ. Ішкі істер министрлігі Қызылорда облысында 2012 жылы болған жасөспірім өліміне қатысты қылмыстың ашылғанын мәлімдеді, деп жазады inform.kz.

Қайғылы оқиға 2012 жылдың қазан айында Қармақшы ауданының Жосалы кентінде болған.

Топтық төбелес кезінде жасөспірім пышақ жарақатын алып, аудандық ауруханаға жеткізілгенімен, есін жимастан көз жұмған.

Оқиғадан кейін төбелеске қатысқан адамдар анықталып, тексерілген. Алайда тікелей дәлелдер мен куәгерлердің болмауына байланысты қылмыс ұзақ жылдар бойы ашылмай келген.

ІІМ криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Назаров биыл тергеу-жедел тобының мұқият жұмысының нәтижесінде басты куәгер анықталғанын айтты.

– Жедел іс-шаралар барысында полицейлер күдіктіге шықты. Ол сол төбелеске қатысқан азамат болып шықты және басқа ауыр қылмыс жасағаны үшін жазасын өтеп жатқан. Жиналған дәлелдердің арқасында ол өз кінәсін мойындады, – деді Руслан Назаров.

Күдікті қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу үшін Қызылорда қаласындағы тергеу изоляторына жеткізілген.

Тергеу барысында қылмысқа жастар арасындағы жанжал мен өзара араздық себеп болғаны анықталды.

Қазіргі уақытта күдікті қамауда отыр.

Қылмыстық іс сотқа жолданған.

Ішкі істер министрлігі өкілдері өткен жылдардағы қылмыстарды ашу жұмыстары жалғасатынын және кінәлілердің заң алдында міндетті түрде жауап беретінін атап өтті.