С санатына Қазақстандағы 3,2 млн үй шаруашылығы немесе олардың жалпы санының 52%-ы жатады.
ERNUR.KZ. Отбасының әр мүшесіне шаққандағы ай сайынғы табыс 203 мыңнан 305 мың теңгеге дейін болады. Негізгі критерийлердің бірі – бір адамға шаққанда тұрғын үймен қамтамасыз етілу деңгейінің 40 шаршы метрден асуы. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Бұл санатқа жеке кәсіпкерлер мен шағын кәсіпорындардың иелері, сондай-ақ Lada, Chevrolet және Toyota сияқты бұқаралық сегменттегі автокөліктердің иелері жатқызылуы мүмкін. Ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтар үшін 5-тен 50 гектарға дейінгі ауыл шаруашылығы жерінің болуы критерий ретінде қарастырылады.
Спикер атап өткендей, С санатындағы үй шаруашылықтарына, D санатындағы отбасылар сияқты, мемлекеттік қолдау шаралары сақталады.
D санатына табысы қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге жеткіліксіз экономикалық тұрғыдан осал үй шаруашылықтары жатады. Кез келген күтпеген шығын олардың материалдық жағдайын едәуір нашарлатуы мүмкін.
Қазақстанда бұл санатқа 1,4 млн үй шаруашылығы немесе жалпы санының 22%-ы кіреді. Отбасының әр мүшесіне шаққандағы ай сайынғы табыс 51 мыңнан 102 мың теңгеге дейін болады.
Басқа сипаттамаларына мерзімі өткен кредиттік берешектің болуы, еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтылмауы, сондай-ақ бір адамға шаққанда кемінде 18 шаршы метр тұрғын үймен қамтамасыз етілу жатады.
«Өзім айтқандай, бұл санатқа мұқтаждық критерийі қолданылмайды. Олар жәрдемақыны бұрын қалай алып келсе, қазір де солай алып отыр», – деп толықтырды министр.
Е санатына экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал, аса қиын материалдық жағдайда отырған үй шаруашылықтары жатады. Олардың құрамында қарт азаматтар, мүгедектігі бар адамдар және асыраушысынан айырылған балалар бар.
Бұл санатқа барлығы 120 мың үй шаруашылығы немесе олардың жалпы санының 2%-ы кіреді.
Негізгі сипаттамаларына табыстың болмауы немесе оның кедейлік шегінен төмен болуы, 90 күннен астам мерзімі өткен кредиттік берешектің болуы, еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің болмауы, сондай-ақ жеке тұрғын үйдің жоқтығы жатады.
«Бұл санат мұқтаждық критерийіне жатады және қазіргі уақытта мемлекеттік қолдаудың барлық қажетті шараларымен қамтамасыз етіледі», – деп нақтылады Асқарбек Ертаев.


