Нұркентте бірінші кезек аясында 24 әлеуметтік нысан, оның ішінде 8 мектеп, 12 балабақша, бір емхана және 3 медициналық орталық салу көзделген
ERNUR.KZ. Бүгін Алматы облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстан - Қытай шекарасындағы Панфилов ауданында орналасқан Нұркент жаңа қаласын дамытудың бас жоспарымен танысты, деп жазады Baq.kz.
«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының және «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағын құру жобалары мемлекетаралық маңыздағы нысандар және олар елеулі еңбек ресурстарын тартуды қажет етеді, ал бұл — 36 мыңнан 68 мыңға дейін жаңа жұмыс орындары. Азаматтардың қолайлы өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында 2013 жылдан бастап Нұркент жаңа қаласының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Қаланың жалпы ауданы — 1460 га. Премьер-Министр Б. Сағынтаевқа 2035 жылға қарай қала халқының саны шамамен 99 мың адамды құрайтыны айтылды. Сонымен қатар, 2022 жылға қарай 1 млн м² астам тұрғын үй (І кезек) пайдалануға беріледі — бұл шамамен 5 аудан немесе 50 мың адам. Нұркентте бірінші кезек аясында 24 әлеуметтік нысан, оның ішінде 8 мектеп, 12 балабақша, бір емхана және 3 медициналық орталық салу көзделген.
Алматы облысы әкімдігінің құрылыс басқармасының басшысы Б. Тәкенов екі 86 пәтерлік үй бойынша жобалық-сметалық құжаттама 2019 жылғы наурызға қарай әзір болатынын атап өтті. Үшінші үйдің жоспары жеке инвестор қаражаты есебінен жүргізіліп жатыр. ІІ кезек аясында 4 мыңға жуық адам баспаналы болады. Тұрғын үй қорының жалпы ауданы — 70 мың м².
Бұдан өзге, «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру аясында Панфилов ауданының әкімдігі ауданы 16 815 м² болатын төрт 60 пәтерлі арендалық үйді жобалау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Пенжина ауылдық округінің аумағында орналасқан Нұркент ауылы жаңа қаланы салудың бастауы болды. Қазіргі таңда мұнда үш мыңнан астам адам тұрады. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында өткен жылы 120 отбасы баспаналы болды. Сонымен қатар, әлеуметтік инфрақұрылым нысандары: мектеп, аурухана, балабақша бар.
Алматы облысында өткен жылы 5079 тұрғын үй (646,1 мың м²) салынды, соның ішінде 3247-сі — жеке тұрғын үйлер. Биыл 706,6 мың м², соның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 592 пәтерді пайдалануға беру жоспарда бар.
Жалпы, Инвестициялар және даму министрлігінің ақпаратына сәйкес, елімізде алдағы бес жылда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 650 мыңнан астам тұрғын үй (76,6 млн м²) салу көзделген, бұл 2 млн-ға жуық азаматты баспанамен қамтамасыз етеді. Азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің маңызды құралы — Мемлекет басшысының «7–20–25» бастамасы, оның аясында бес жыл ішінде 103 мыңға жуық азамат баспаналы бола алады. Аталған бағдарлама бойынша (11.10.2018 жылғы жағдай бойынша) 28 млрд теңгеге 2352 өтінім мақұлданды, соның ішінде Алматы облысының халқынан — 55 ипотекалық қарыз.