Комиссия хатшысы қызметіне профессор Гүлтас Құрманбай бекітілді.
ERNUR.KZ. ҚР Президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын лингвистикалық комиссия төрағасы сайланды, деп жазады ҚазАқпарат.
Бұл қызметке филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті түркология кафедрасының меңгерушісі Мырзатай Жолдасбеков лайық деп танылған.
«Өздеріңіз білесіздер, Конституциялық Кеңес шешіміне сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы Лингвистикалық комиссия құрды. Оның құрамына елімізге белгілі азаматтар енді. Бүгін бірінші мәжілісімізді өткізіп, сынақ талаптарын пысықтадық. Жасым үлкен, жолым үлкен деді ме, комиссия төрағасы ретінде бірауыздан мені сайлады. Комиссия хатшысы қызметіне профессор Гүлтас Құрманбай бекітілді», - деді Лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте.
Айта кетейік, 2019 жылдың 9 маусымында елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өтеді. 19 сәуірде ҚР Орталық сайлау комиссиясы жанынан президенттікке үміткерлердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын лингвистикалық комиссия құрылды. Оның құрамына Мырзатай Жолдасбеков, Әділ Ахметов, Ғарифолла Есім, Серік Қасқабасов, Гүлтас Құрманбай, Ерден Қажыбек енді.