​«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Қарағанды, Ақмола облыстарындағы жұмысын аяқтады

0
785

16 қазаннан бастап «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы сапарын Ұлытау облысында жалғастырады.


​«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Қарағанды, Ақмола  облыстарындағы жұмысын аяқтады

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Ақмола облысы бойынша жұмысын аяқтап, 10 қазанда Қарағанды облысына барды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мамандар 10-11 қазанда Ақтасты, 12-13 қазанда Қарамұрын, 14-15 қазанда Дария бекеттерінің тұрғындарын қабылдап, өңірдің үш станциясының тұрғындары жоғары білікті мамандардан тегін медициналық кеңес алды.

Қарағанды облысындағы дәрігерлік тексерулердің статистикасы мынадай:
дәрігерлік қаралу саны – 4644. Атап айтқанда, ең көп өтініш хирургке келіп түсті – 516 тұрғын, бұдан әрі құлақ пен мұрын дәрігері, уролог – 447 тұрғын, сондай-ақ невропатолог – 447 тұрғын. Пойыз дәрігерлері барлығы 321 ЭКГ, 516 УДЗ және 90 флюорография процедураларын өткізді.
Сонымен қатар «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Ақмола облысы бойынша да жұмысын қорытындылады. Бір айға жуық уақыт мерзімінде медициналық пойыз өңірдің 11 станциясына барды: Сарыоба, Елтай, Октябрь, Ащыкөл, Қызылту, Ақсуат, Қайранкөл, Пресногорьковская, Красивый-Казахский, Жақсы, Адыр.
Пойыз дәрігерлері осы уақыт аралығында барлығы 5944 тұрғынды, оның ішінде 791 баланы қабылдады. Жалпы дәрігерлік қаралым саны – 33 576. Ақмола облысы бойынша сұранысқа ие мамандардың қатарында хирург, көз дәрігері, уролог пен невропатолог бар.
Медицина мамандары медициналық бақылау кезіндегі ең ерекше жағдайлармен бөлісіп, станция тұрғындарында қандай диагноздардың жиі кездесетінін айтты.
«Жобаға әріптесімнің ұсынысы бойынша келдім. Бірінші рет қатысып отырмын. Лабораториялық талдауларға жауапты болғандықтан, бұл өңірде ересек адамдар арасындағы дерттердің көп кездесетінін байқадым. Көз аурулары, панкреатит, холецистит, асқазан аурулары көп. Мұндай ауылдарда дәрігерлер тапшы, алғашқы көмек көрсететін орын жоқ. Осыны көріп, көмек көрсетіп, жобаны ұйымдастырған «Самұрық-Қазынаға» алғыс айтамын», – деді лаборант-фельдшер маманы.
Медициналық пойыз мамандарының қабылдауында болған Ақмола облысы тұрғындарының көбі кариес, дентин кариесі, сондай-ақ астигматизм, глаукома, катаракта сияқты көз ауруларына, остеохондроз, артрит, қант диабеті және бауырдың түрлі ауруларына шағымданған. Қарағанды облысының тұрғындарының арасында ең жиі кездескен аурулардың қатарында стенокардия, гепатомегалия, созылмалы бронхит, бүйрек тастары бар.
Елтай станциясының 1942 жылғы тұрғыны іш қуысының ультрадыбыстық зерттеуіне жүгінді. Профилактикалық тексеру барысында бауырда көптеген кисталық түзілімнің бары анықталды. Емдеу шараларын жедел белгілеу үшін тұрғылықты жері бойынша хирургтың қабылдауына жіберілді. Түзілімдер анық көрсетілген қағаз да пациентке берілді.
«Мен құлақ және мұрын, тіс дәрігерінің, терапевттің қабылдауында болдым. Біздің ауылда екі ғана дәрігер бар. Сол үшін бәрі орталыққа барады, кезекте ұзақ тұрамыз. Медициналық пойыздың бізге келгеніне қуандық. Пойыз дәрігерлеріне зор денсаулық тілеймін, жұмыстары жемісті болсын! Алғысым шексіз», – деп ризашылығын білдірді Елтай станциясының тұрғыны.
16 қазаннан бастап «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы сапарын Ұлытау облысында жалғастырады. Онда облыстың жеті станциясына тоқтайды: 16-17 қазанда Жаңаарқа, 19-20 қазанда Қаражал, 22-23 қазанда Мыңадыр, 24-25 қазанда Жомарт станциясының, 26-27 қазанда Қызылжар, 28-29 қазанда Қарасақпай және 30 қазан мен 1 қараша аралығында Байқоңырда болады.
Естеріңізге сала кетейік, «Саламатты Қазақстан» «Жәрдем» пойызымен бірге медициналық қызметке мұқтаж шалғай станциялардың тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық және консультативті-диагностикалық көмек көрсетеді.
«Жәрдем» пойызы қазір Жамбыл облысында жұмысын жалғастырып жатыр. Онда 15 станцияны аралайды. Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаржылық қолдауының арқасында мүмкін болды және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен бірлесіп іске асырылуда.