Жол апаты 12 наурыз күні болған.
ERNUR.KZ. "Самара-Шымкент" автожолында жол-көлік оқиғасы болып, 2 адам қаза тапты, деп жазады Polisia.kz.
12 наурызда Қалыбай кенті ауданында “Pontiac-Viva” автокөлігінің жүргізушісі жолдың тайғақ учаскесінде метеорологиялық жағдайды ескермей, рөлді басқара алмай, ілеспе бағытта тұрған “DAF” ауыр жүк көлігімен соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан “Pontiac” автокөлігінің 58 жастағы жүргізушісі мен 58 жастағы әйел жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.
Ақтөбе облысы ПД бастығы Атығай Арыстановтың айтуынша, жол-көлік оқиғасының негізгі себептері жүргізушілердің өз-өзіне сенімділігі болып табылады.
Жүргізушілер көбінесе жол ережелерін біле отырып, оларды елемейді, белгіленген қозғалыс жылдамдығынан асып кетеді, қозғалыс аралығын сақтамайды. Мұның бәрі қайғылы салдарға әкеп соғады. Жол қателіктерді кешірмейді.
Жыл басынан бері Ақтөбе облысының жолдарында 96 ЖКО орын алды, онда 12 адам қаза тауып, 135 адам түрлі дене жарақаттарын алды.
Осыған байланысты Ақтөбе облысының Полиция департаменті жүргізушілерді жол жүру ережелерін сақтауға шақырады, өйткені сіз және басқа да жол қозғалысына қатысушылар сіздің ойланбаған әрекеттеріңізден зардап шегуі мүмкін.