Ол жақында «Ақтөбе» ФК бас директоры қызметінен кеткен болатын.
ERNUR.KZ. Қазақстан ұлттық құрамасының экс-капитаны Самат Смақов екі бірдей лауазымға тағайындалды. Ол Ақтөбе облысы әкімінің футболды дамыту бойынша кеңесшісі және «Ақтөбе» ФК басқарма төрағасының кеңесшісі қызметіне кірісті, деп жазады Елорда Инфо.
Самат Смақов соңғы екі маусымда «Ақтөбе» футбол командасының бас директоры қызметін атқарған. Бірақ 20 желтоқсан күні клуб басшылығы оның қызметінен кеткенін хабарлаған болатын. Осыдан кейін «Ақтөбенің» басқарма төрағасы болып Артур Смағұлов, ал оның орынбасары әрі бас менеджері болып осыған дейін Сербияда «Земун», Ресейде «Амкар» және Украинада «Таврия» командаларында жұмыс істеген серб Горан Велькович тағайындалды.
Осы жайттан кейін «Ақтөбенің» жанкүйер қауымы әлеуметтік желілерде #Смақовтыкеріқайтарыңдар флешмобын іске қосса, команда шабуылшысы Абат Айымбетов бұл істің әділетсіз түрде жүріп жатқанын, ал қақпашы Рамиль Нұрмұхаметов ұжымдағы біраз ойыншы команда ауыстыру туралы ойланып жүргенін мәлімдеді.
Айта кетейік, «Ақтөбе» өткен маусымды миллиондаған қарыздарына байланысты ФИФА шешімімен маусымды «-12 ұпаймен» бастаған болатын. Бұл маусым соңында команданың премьер-лигадан ұшып кетуіне әкелді.