"Самұрық-Қазына" қоры 4 басқарушы директордың кандидатурасын мақұлдады

0
564

"Самұрық-Қазына" АҚ-да төрт басқарушы директорлардың кандидатуралары бекітілді.


ERNUR.KZ. Президенттік Жастар кадрлық резервінің өкілдері компания басшылығындағы төрт жаңа тағайындаудың үшеуін алды, деп жазады Tengrinews.kz.

Ернар Жаңаділ "Самұрық-Қазына" АҚ даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры қызметіне тағайындалды. Бірінші кезекте ол "ҚазМұнайГаз "ҰК" АҚ және "Эйр Астана" АҚ компанияларының қорына тиесілі жекешелендіру бағдарламасына жауап беретін болады. Жақын арада бұл активтерді IPO-ға шығару жоспарланып отыр, оған Қазақстанның барлық тұрғындары қол жеткізе алады.

"Ернар Жаңаділдің алдына елге шетелдік инвестицияларды тартуды жалғастыру міндеті қойылды. Ернар Бейсенұлы осы уақытқа дейін Инвестициялар, жекешелендіру және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Басқарушы директор қызметін атқарды. 2018 жылы "Қазатомөнеркәсіп "ҰАК" АҚ-ның IPO-ға, содан кейін SPO-ға табысты шығуына белсене қатысты. 2021 жылы ол Қордың бірқатар бейінді емес активтерден тиімді шығуын қамтамасыз етті. "Самұрық-Қазына" АҚ-на қызметке тұрғанға дейін Ернар Жаңәділ Pricewaterhouse Coopers LLP АҚ-да жұмыс істеді. Бухгалтерлік есеп және қаржы саласында магистр дәрежесі бар (Манчестер университеті, Ұлыбритания). Президенттік Жастар кадрлық резервінің мүшесі", - делінген хабарламада.

Қордың стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры лауазымына Ернат Бердіғұлов тағайындалды. Оның алдына қойылған негізгі міндет - бұл қордың ұзақ мерзімді даму стратегиясын әзірлеу және іске асыру, активтерді тиімді басқару және инфрақұрылымдық жобаларды уақтылы іске асыру. Орнықты дамуды қамтамасыз ету, портфельдік компаниялар қызметіне корпоративтік басқарудың ERP-қағидаттары мен озық тәсілдерін енгізу инвестициялық тартымдылықты арттыруға және ұзақ мерзімді құнның өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

"Ернат Құдайбергенұлы Қорда стратегия, тұрақты даму және цифрлық трансформация жөніндегі Басқарушы директор лауазымын атқарған болатын. Ернат Бердіғұловтың халықаралық консалтингтік компанияларда он жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар. Іскерлік әкімшілік саласының магистрі (MBA, University of Warwick, Ұлыбритания), "Болашақ" бағдарламасы бойынша бакалавр бітірген (University of Toronto, Канада). Президенттік Жастар кадрлық резервінің мүшесі",-деді "Самұрық-Қазына" АҚ-да.

"Самұрық-Қазына" АҚ Қоғаммен байланыс және өзгерістерді басқару жөніндегі Басқарушы директор лауазымына Ғибрат Ауғанов тағайындалды. Ғибрат Қайратұлының жауапкершілігіне үш департамент кіреді: Әлеуметтік-еңбек қатынастары және адам ресурстарын басқару департаменті, өзгерістерді басқару департаменті және жұртшылықпен байланыс департаменті.

"Алға қойылған міндеттерге сәйкес жаңа ашық кадр саясатын енгізу, инклюзивтілік пен ашықтық деңгейін арттыру міндеті тұр. Бұдан басқа, цифрландыру шеңберінде IT-технологиялар мен ауқымды деректерді талдау базасында өндірістік және басқару процестерін қайта құру қажет болады. Сондай-ақ, Қордың жұртшылықпен қарым-қатынастарын қайта жүктеу шеңберінде компанияның қызметі туралы ашықтықты және БАҚ-тың кәсіби қоғамдастығын хабардар етуді қамтамасыз ету қажет. Осы және басқа да бірқатар өзгерістер компания қызметінің қоғам үшін ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуге, адами факторды, әсіресе сыбайлас жемқорлық қауіпті секторларды барынша жоюға бағытталған", - деп атап өтті қорда.

Бұған дейін Ауғанов "Самұрық-Қазына"АҚ адам ресурстарын басқару департаментінің директоры қызметін атқарған. Президенттік Жастар кадрлық резервінің мүшесі.

Николай Казутин Қордың құқықтық қолдау, қамтамасыз ету және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директоры болып тағайындалды. Құқықтық саланың ағымдағы мәселелерінен басқа, ол отандық тауар өндірушілер мен шағын және орта бизнесті қолдау үшін Қордың сатып алу процесінде ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында сатып алу бойынша қолданыстағы корпоративтік құжаттарды өзгертуге, сондай-ақ қорда жүргізіліп жатқан реформаларды құқықтық қамтамасыз етуге және халықаралық төреліктерде Қордың мүдделерін тиімді қорғауға жауап береді.

"Самұрық-Қазына" АҚ Инвестициялар жөніндегі департаментінің директоры лауазымына бұрын Қордың Инвестициялар жөніндегі департаментінің жобаларды құрылымдау секторының басшысы қызметін атқарған Сәбиғат Рахметов тағайындалды. Қоғаммен байланыс департаментінің директоры лауазымына Дамир Егізбаев тағайындалды. Бұған дейін ол Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы, сондай-ақ ҰЭМ "Қазақстандық МЖӘ орталығы" АҚ коммуникациялар жөніндегі директоры лауазымын атқарған болатын.