"Самұрық-Қазына" қоры қайырымдылыққа 66,6 млрд теңге аударды

0
829

"Қазақстан халқына" қорының мәліметінше бүгінгі таңда медицина, білім беру, спорт, әлеуметтік қолдауды қоса алғанда, 6 бағытта 35-тен астам қайырымдылық бағдарламасы іске асырылып жатыр.


ERNUR.KZ. "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры 2022 жылдың қорытындысы бойынша "Қазақстан халқына" қоғамдық қорына 66,6 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады, деп жазады sputnik.kz.

"Қазақстан халқына" қорының мәліметінше бүгінгі таңда медицина, білім беру, спорт, әлеуметтік қолдауды қоса алғанда, 6 бағытта 35-тен астам қайырымдылық бағдарламасы іске асырылып жатыр.
Ауыр, өмірге қауіп төндіретін және орфандық аурулары бар 324 қазақстандық жалпы сомасы 24,9 млрд теңгеден астам қымбат дәрілік препараттармен қамтамасыз етілген. 20 пациент жалпы сомасы 585,1 млн теңгеге шетелде ем алды. 4 өңірде 4 Ерте араласу орталығы ашылды.
Алдағы оқу жылына халықтың әлеуметтік осал санаттарынан шыққан студенттерге 850 білім беру гранты бөлінді. 17 өңірде материалдық-техникалық базасы толық жаңартылған 17 ауылдық тірек мектебі құрылды. 17 облыста тағы 63 мектеп бойынша жұмыс жалғасуда.
Ауылдық жерлерде 24 спорт залы ашылды, 15 мыңнан астам баланы қамтитын тағы 76 зал ашу жоспарланып отыр. Өңірлерде жылдам құрастырмалы модульді спорт залдарын орнату жоспарланған.
96 бала мен жасөспірім инновациялық протезбен қамтамасыз етілді. Оған 931,9 млн теңге жұмсалды. 10 пара-спортшыға спорттық-жүгіру протездері жасалды. Елде алғаш рет пара-спортшыларға арналған жүгіру мектебі ашылды. Аутизм және басқа да психикалық ауытқулары бар балаларға арналған 4 орталық ашылды.
Ұлттық әл-ауқат қорынан аударылатын қаражатты есептемегенде, тек қайырымдылық жарналарының өзі 156 млрд теңгені құрады.
Еске сала кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында "Самұрық-Қазына" қорының жыл сайынғы таза табысының кемінде 7%-ын "Қазақстан халқына" қоғамдық қорына аудару мәселесін көтерген болатын. Осы бастамадан кейін "Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" заңға тиісті өзгерістер енгізілді.