Санитариялық заңнама талаптарының бұзылғаны анықталған жағдайда азаматтарға Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне жүгіну ұсынылады.
ERNUR.KZ. Жазғы туристік маусым кезеңінде халықтың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету және инфекциялық аурулардың пайда болуының алдын алу негізгі міндеттердің бірі. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Сархат Бейсенова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
«Комитеттің аумақтық департаменттерінің тұрақты бақылауында 1225 туристік аймақ және 304 қоғамдық жағажай бар. Жоғары эпидемиялық маңызы бар объектілер ретінде санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны 706 курорттық аймақ пен демалыс базасы, сондай-ақ 120 қоғамдық жағажай алған», – деді Сархат Бейсенова.
Оның айтуынша, мамандар объектілердің жағдайына мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мен мониторингті жүйелі түрде жүргізіп келеді. Тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде шамамен 900 ұсыным берілді. Бұзушылықтардың басым бөлігі қажетті рұқсат беру құжаттарының болмауына байланысты.
Сонымен қатар санитариялық органдар санитариялық заңнама талаптарын бұза отырып жұмыс істеген объектілердің қызметіне тыйым салуды қоса алғанда, жедел ден қоюдың 470 шарасын қабылдады.
Сондай-ақ жоспардан тыс 19 тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша соттар кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы алты қаулы шығарды.
«Қабылданған шаралардың нәтижесінде 247 объект анықталған бұзушылықтарды жойып, санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алды. Мұндай қорытындының болуы тексеру жүргізілген сәтте объектінің санитариялық талаптарға сәйкестігін растайды», – деп атап өтті Комитет төрағасы.
Ол қазақстандықтарға демалыс орнын таңдаған кезде жағажай мен жағалау аймағының санитариялық жағдайына, қоқыс жәшіктері мен қалдықтарға арналған контейнерлердің, қоғамдық дәретханалардың, қауіпсіз ауыз судың болуына, аумақтың тұрақты тазалануына және жеке бас гигиенасын сақтауға арналған жағдайлардың жасалуына назар аудару қажет екенін еске салды.
Санитариялық заңнама талаптарының бұзылғаны анықталған жағдайда азаматтарға Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне жүгіну ұсынылады.
Сархат Бейсенованың айтуынша, санитариялық қызмет халықтың денсаулығын қорғау мақсатында туристік аймақтар мен қоғамдық жағажайлардың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып, қажетті шараларды қабылдай береді.


