Сарқанда 5 жасар қызды өлтірген анасы мен ағасына үкім шықты

0
1 016

Биылғы 17 мамырда Жетісу облысының Сарқан ауданында қоқыстан 5 жастағы баланың басы мен денесі бөлек табылған.


Сарқанда 5 жасар қызды өлтірген анасы мен ағасына үкім шықты

ERNUR.KZ. Жетісу облысында бес жастағы қызды өлтірген анасы мен нағашы ағасына сот үкімі шықты, деп жазады ulysmedia.kz.

Облыстың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының хабарлауынша, Сарқан ауданында қоқыстан табылған 5 жастағы қызды өлтіру фактісі бойынша анасы М.-мен нағашы ағасы А. қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігі бойынша («адам өлтіру») кінәлі деп танылды.

Сотта сотталушылардың Сарқан қаласының сыртында орналасқан кірпіш шығаратын зауыттың маңындағы қоқыс төгетін жерге баланы өлтіру мақсатында барғаны анықталды. Ағалы-қарындас еш қарсылық көрсете алмайтын дәрменсіз жатқан жас баланы қылқындырып өлтірген. Содан кейін баланың мәйітін жасырып, оқиға орнынан кетіп қалған.

Жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы сотталушлардың кінәсін толық мойындағанын және сотталушы М.-ның қарауында жас баланың болуына байланысты екеуін 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша сотталушының кінәсі дәлелденсе, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылып, 20 жылға бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Соттың үкімі бойынша М. және ағасы А. Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, осы баптың негізінде 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, - делінген Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, биылғы 17 мамырда Жетісу облысының Сарқан ауданында қоқыстан 5 жастағы баланың басы мен денесі бөлек табылған. Баланың анасы – 20 жаста. Ол 14 жасында нағашы ағасынан босанғанын, сәбидің сал болып дүниеген келгенін айтқан болатын.