Сегіз жылдан бері баспанасына қол жеткізе алмаған қарағандылықты әйелі тастап кетті

0
2 234

"Үйдің салынып бітуін күте-күте, әйеліммен ажырастым" - салымшы.


Сегіз жылдан бері баспанасына қол жеткізе алмаған қарағандылықты әйелі тастап кетті

фото: видеодан скрин

Сегіз жылдан бері баспанасын сарыла күткен қарағандылықтар үйдің құрылысын бақылаудың орнына, оларға қоқан-лоқы көрсете бастаған шенділерге ашулы. Жалдамалы пәтерді паналаймын деп, шыдамы таусылғандар, отбасы ойран болғандар да бар екен, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Ісіне салғырт қараған мердігердің кесірінен жүздеген салымшы бөтен біреудің босағасын жағалап, жалдамалы пәтерді паналауға мәжбүр. Қиындықтардан кейбірінің шыдамы таусылып, шаңырағы да шайқалып жатыр, дейді жұрт.
"Бір кепілдік болама деп үміттеніп едік. Енді мемлекеттік бағдарлама, басы-қасында әкімдіктің өзі жүреді деген соң. Алайда, үйімізге 5 жылдан бері қол жеткізе алмай жүрмін. Пәтерден-пәтер жағалап кеткен соң, әйелім балаларды алып кетіп қалды. Қазір ажырастық. Өмірімдегі ең қымбат жандарымнан айырылып қалдым" , дейді қала тұрғыны Максим.
Иә, мемлекеттік бағдарлама болған соң, көптің көкейінде күдіктен гөрі, үміттің басым болғаны рас. Алайда, соңғы уақыта атқамінерлер уәдені қойып, қоқан-лоқы көрсетуге көшті, дейді салымшылар. Құрылыс қарқынын үдетудің орнына, әкімдіктегілер бізді үркітіп әлек деп ашулы.

«Мәселемізді жалпақ-жұртқа жариялай бастап едік, әкімдік өкілдерінен қоңыраулар түсе бастады. Үндемеңдер деп қысым көрсетіп, құрылыс алаңына мүлдем келмеңдер деп қорқытты. Мемлекеттік бағдарламаға кір келмесін деді ме, әйтеуір үркітуден басқа түк бітіріп жатқан жоқ", дейді қала тұрғыны Владислав.

Алайда, баспана құрылысының кей бөліктері аяқталып, салымшылар асыға күткен үйлеріне жайғасқан. Дегенмен, оның өзі сын көтермейді екен. Құбырлары жарылып, жертөлені су басып жатыр. Жеделсаты да істен шыға беретін көрінеді.

«Біз мұнда ақпан айында болғанбыз. Сол кезде құбырлар жарылып, жертөлені су басқан еді. Құрылыс компаниясы сапалы материалдарға қаражатты аяп жатқан тәрізді. Біз әлі үйімізді күтіп отырмыз. Бірақ бұған дейін пәтеріне кіргендер, жеделсаты үнемі істен шығады деп шағымданып отыр. Сонда мен 19-шы қабаттағы пәтеріме ертең қалай көтерілемін?», дейді қала тұрғыны Айнұр Наркеева.

Алайда, құрылысқа жауапты мердігер компанияның өкілдері бұл уәжбен келіспейді. Барлығы талапқа сай салынған деп ақталуда. Ал құрылыстың сағызша созылып кетуіне карантин себеп дейді.

«Сәуір айында береміз үйді тапсырамыз. Пандемияға қатысты біз материалдарды дер кезінде ала алған жоқпыз. Мамырға дейін бармайды. Осы сәуір айында бәрін однозначно тапсырамыз», дейді "Трилистник" трғын-үй кешені жобасының басшысы Серік Мұқашев.

Иә, індет болғанымен, құрылысты аяқтау міндет. Салымшыларға пәтер кілті сәуір айында беріледі деп уәде берілді.