"Семей орманы" резерваты қызметкерінің жалақысы 180 мың теңгеге өсті – Министр

0
1 168

"Семей орманы" табиғи резерватында болған ірі өрт салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапты.


ERNUR.KZ. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев алапат өрт шыққан “Семей орманы” резерваты жұмысшыларының жалақысы қаншаға өскенін айтты, деп жазады stan.kz.

Айта кетсек, шілде айының басынан бастап “Семей орманы” резерваты жұмысшыларының жалақысы 100 пайызға көтеруге уәде берілген еді. Алайда белгілі болғандай, қызметкерлердің көпшілігі ондай қаражат алмаған. Мәселен, химиктер, жүргізушілер, радио операторлары және басқа да қызметкерлер ондай жәрдемақыны мүлде көрмегенін айтты. Тіпті кейбір қызметкерлердің маңдай тер еңбекақысы әлі 60-80 мың төңірегінде екені хабарланған.

Министрдің айтуынша, ол уақытта тек орман шаруашылығын қорғау саласында жұмыс жасайтын белді жұмыскерлердің ғана жалақысы 100%-ға көтерілген.

“Қалғанынікін біз өңірлік кәсіподақпен бірігіп, ішкі резервтерден көбейтіп отырмыз. Бұл мәселені үзілді-кесілді шешу үшін тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізу жұмыстарын бастап кеттік. Резерватта жұмыс істейтін орманшы бұрын 130 мың теңге айлық алса, қазір 180 мың теңге алады”, – деді Нысанбаев.

Еске салайық, 9 маусымда Абай ауданында 30 мың гектарға жуық аумақты шарпыған өрт шыққаны белгілі болды. Алайда кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Сондай-ақ орман шаруашылығының 14 қызметкерімен байланыс үзілгені айтылды. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.

9 маусымда түн ортасына таман президенттің баспасөз қызметі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға сапарын кейінге қалдырып, Абай ауданындағы өрт аймағына ұшатынын хабарлады. Сондай-ақ президент Абайдағы өртпен күресу үшін бар мүмкіндікті пайдалануды тапсырды. Төтенше жағдайлар министрлігі 10 маусымға қараған түні Абайдағы өртті сөндіруге Алматы мен тағы төрт облыстан қосымша күштер мен құралдар жіберілетінін мәлімдеді.

"Семей орманы" табиғи резерватында болған ірі өрт салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапты.