Алматы қаласының 36 жастағы тұрғыны ұсталды.
Семей полицейлері ағылшын курсы кабинетінен 11 келіден астам есірткі тәркіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Наурыздың басында Семей қаласы полиция басқармасы есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен Семей қаласының білім беру орталықтарының бірінің ағылшын тілі кабинетінде Алматы қаласының 36 жастағы тұрғынын ұстаған.
"Оқу бөлмесіне тінту жүргізу барысында өсімдік тектес жасыл түсті зат салынған полиэтилен қапшыққа оралған картон қорап табылды. Сараптама қортындысына сәйкес, тәркіленген зат кептірілген марихуана болып шықты. Жалпы салмағы 11 келіден асады", - делінген хабарламада.
Дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі ("Есірткі заттарды, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу") бойынша соталды тергеу басталған. Бұл баптың санциясы 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.