Полицияға 21 жастағы төртінші курс студенті жүгінген.
ERNUR.KZ. Семейде студент АҚШ визасын алмақ болып, алаяқтың құрбанына айналды, деп жазады stan.kz.
Полицияға 21 жастағы төртінші курс студенті жүгінген. Ол биыл көктемде "Америкаға бару туралы арманын" жүзеге асырмақ болған. Алайда алаяқтың құрбаны болғанын айтты.
Жігіттің сөзінше, бейтаныс ер адам оған АҚШ визасын рәсімдеуге көмектесуді ұсынған. Өз қызметі үшін ол 199 300 теңге сұрап, студент бұл соманы толықтай аударған. Алайда ақша қолына тиген соң, "көмекші" байланысқа шықпай, студентті алдап кеткен.
Абай облысының полицейлері жедел әрекетінің арқасында күдіктінің жеке басын анықтады. Ол Жамбыл облысының 28 жастағы тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта ер адамға қатысты алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
"Құжаттар немесе лицензиялар арқылы расталмаған қызметтерді ұсынатын бейтаныс адамдарға сенбеңіздер. Виза рәсімдеуге көмектесемін деп уәде беретін компаниялар мен жеке тұлғалардың беделін міндетті түрде тексеріңіздер. Егер алаяқтыққа тап болсаңыздар, бірден құқық қорғау органдарына жүгініңіздер — бұл мәселені жедел шешуге және болашақта осындай жағдайлардың алдын алуға көмектеседі", — деп ескертті Абай облысы полиция департаменті.