Семейде атты полиция жасағы құрылды

0
244

Жыл басынан бері 30-ға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.


Семейде атты полиция жасағы құрылды

ERNUR.KZ. Тәртіп сақшыларының айтуынша, құқық бұзушылықтың көбі қаланың шетіндегі саяжайларда болады, деп жазады sputnik.kz.

Жыл басынан бері 30-ға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың көбі қоғамдық орында масаң күйде жүргендер мен тыныштықты бұзғандар. Жалпы Абай облысын атты полицияның отаны деуге болады. Өйткені 1918 жылы 12 тамызда Семей жерінде алғашқы атты Алаш милициясы құрылған. Бүгінде полиция қоғамдық тәртіпті қадағалап қоймай, қалыптасқан дәстүрді жалғап келеді.
Патрульдік полиция батальонының атты әскер взводы көлік бармайтын аумақтарды қадағалайды. Көбінесе жағалаулар мен саябақтарда жүреді. Кавалерия бөлімшесін қажетті құралдармен, арнайы әбзелдермен жергілікті әкімдік қамтамасыз еткен. Саяжай тұрғындары атты полиция қызметкерлерін бірден байқаған.
Жыл басынан бері саяжай аумағында 30-дан астам адам әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Екі адам ұрлық үстінде ұсталып, жаза арқалаған. Жалпы полиция департаментінің балансында 10 жылқы бар. Олар Бейбітшілік аралының маңындағы арнайы атқорада болады.
"Қызметкерлер түнгі және таңғы ауысымда кезекпен жұмыс істейді. Таңғы 6-да жылқыларға шөп салып, су береді. Негізінен атты полиция қызметі сәуір айынан қазанға дейін белсенді жұмыс істейді. Қала көшелерін, саябақтар мен жер үй маңдарын кезектесіп патрульдейді", - дейді ПД Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің бастығы Дина Әмренова.
Жақында "Сергек-Патруль" жүйесі жаңартылды. Қоғамдық орындарда, аялдамаларда, жерасты өткелдеріне "Сергек" жүйесі іске қосылып, құқықбұзушылық анағұрлым азайды. Заң мен тәртіп идеологиясы аясында қалада кримогендік жағдай тұрақталып, қылмыс 60%-ке қысқарған.