Теміржол аралдың әсем жерлерін аралап, жолаушыларға Ертіс өзенінің ерекше табиғи ландшафы мен әдемі көріністерін тамашалауға мүмкіндік береді.
ERNUR.KZ. Семейдегі жаңартылған Бейбітшілік аралында балалар теміржолы пайдалануға берілді. Бұл облысымыздағы туризмді дамытуға ықпал етеді, деп жазады BAQ.KZ.
Сонымен қатар аралда жаңа қоғамдық кеңістік салтанатты түрде ашылды.
Қоғамдық кеңістікте балалар ойын алаңдары, футбол, волейбол, стритбол алаңдары мен воркаут аймағы бар. Барлық алаңдарда жаңа кәсіби тренажерлер орнатылған.
Балалар теміржолы 1979 жылы теміржолшылар күніне орай ашылған болатын. Алайда 90 жылдардың ортасына қарай жабылған еді. Міне, 20 жылдан астам уақыттан кейін балалар теміржолы қайта қалпына келтірілді. 2023 жылдың 5 маусымында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Орталық коммуникациялар қызметінің өңірдегі көшпелі баспасөз конференциясында балалар теміржолын жандандыруды жоспарлап отырғанын айтқан еді.
Теміржол аралдың әсем жерлерін аралап, жолаушыларға Ертіс өзенінің ерекше табиғи ландшафы мен әдемі көріністерін тамашалауға мүмкіндік береді.
Бірінші кезеңде теміржол ұзындығы 2 шақырым болады. Аралдағы көпірден биологиялық орталыққа дейінгі аралықта жүреді. Тепловоз бен вагондар теміржол техникасына маманданған Қамбар машина жасау зауытында дайындалды. Ұзындығы 12 метр болатын әр вагонда 32 орын бар. Егер маршрут сұранысқа ие болса қосымша вагондарға тапсырыс беріледі.
Балалар теміржолы тек ойын-сауық орны ғана емес, жастардың теміржол мамандығына қызығушылығын арттыруға ықпал ететін маңызды білім беру жобасы болмақ. ҚТЖ басшылығы қажетті персоналды оқытуға қолдау көрсетуге дайын. Сонымен қатар, теміржол мамандығына баулитын балалар үйірмесін құру жоспарлануда.